«Еуразия» Бірінші арнасы https://1tv.kz Tue, 09 Jun 2026 15:54:13 +0000 ru-RU hourly 1 https://wordpress.org/?v=6.9.4 https://1tv.kz/wp-content/uploads/2026/04/1tv-site-icon-150x150.png «Еуразия» Бірінші арнасы https://1tv.kz 32 32 Басты жаңалықтар. 09.06.2026 https://1tv.kz/video/36873/ Tue, 09 Jun 2026 15:54:13 +0000 https://1tv.kz/video/36873/ Алматының маңайы адам танымастай болды https://1tv.kz/news/36822/ Tue, 09 Jun 2026 15:53:32 +0000 https://1tv.kz/news/36822/ Іле Алатау ұлттық саябағы аумағынан алты айдың ішінде 300 тонна қоқыс шығарылған. Туристер ішкен-жегенінің қалдығын тастап, темекі тұқылын лақтырып, арнайы жәшікке салмайтын көрінеді. Ал олардың әрқайсысын жеке-жеке бақылайтын адам жоқ. Әйтпесе 42 мың теңге айыппұл салынады. Сондықтан парк өкілдері «Таза Қазақстан» акциясын пайдаланып, ылғи еріктілерді шақырып, айналаны жинастыратынға ұқсайды. Бүгін Үлкен Алматы көлінің маңайы қоқыстан тазартылды.

ЖАНСАЯ АУТӘЛІП, ІЛЕ АЛАТАУ МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ САЯБАҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Әлі де жұмыс керек, себебі келушілердің экологиялық мәдениеті төмендігінен осындай ұлттық парк аумағында қоқыстар қалып жатады. Көбінесе келушілер, демалушылар, туристер өздерімен алып келген заттардың қалдықтарын арнайы қоқыс жәшіктеріне емес, сол қай жерде демалды, сол жерге қалдырып кетеді. Қазіргі таңда өзекті мәселе болып тұр сол.

Үлкен Алматы көліне былтырдан бері көлік қозғалысы түгел тоқтатылған. Келушілер жаяу немесе велосипедпен көтеріледі. Маңайда бірде-бір әжетхана да жоқ. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқанға ұқсайды. Қоқыс жәшігі де бірен-саран. Бүгінгі экологиялық акцияға тауда ғылыми зерттеу жүргізіп жатқан Ионосфера институтының мамандары да атсалысты.

АЛЁНА ЕЛИСЕЕВА, ИОНОСФЕРА ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Біздің институт қоршаған ортаға мониторинг жүргізу үшін көптеген сандық сервистерді дамытады. Бұл табиғи өрттердің, метан эмиссиясының мониторингі. Бірақ ешқандай сандық сервистер еліміздің экологиясына қамқорлық көрсетуге кедергі емес. Табиғатты аялау әрбір азаматтың міндеті деп ойлаймыз. Сондықтан бүгін 60 адам бір кісідей қоқыс жинауға өз үлесімізді қосып отырмыз.

]]>
Зейнетақы қорындағы ақшаны болашаққа жинаған жөн https://1tv.kz/news/36821/ Tue, 09 Jun 2026 15:53:06 +0000 https://1tv.kz/news/36821/ Әрбір азаматтың жинақтаушы зейнетақы қорында кем дегенде ең төменгі шектің мөлшері болуы керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, өзге елдерде азаматтар 30-40 жыл бойы тұрақты түрде тиісті төлемдерді аударып отырады. Бұл болашақта өзі қалағандай зейнетке шығуына мүмкіндік береді, дейді сарапшылар. Сол себепті де қордағы қаражатты шешіп алмай, жинаған жөн. Мәселен, аударымдар мөлшері 6 млн теңгеге жетсе, зейнетке шығатын кезде қажетті көлемдегі жинақты шығаруға мүмкіндік болады.

ЕЛЕНА БАХМУТОВА, ҚАЗАҚСТАН ҚАРЖЫГЕРЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Осыған дейін зейнетақы қорындағы қаражатты шешіп алған азаматтар бұл өзіміздің ақшамыз деп айтады. Иә, соны ескере отырып, бұл ақшаны жинауға тырысу керек. Өйткені өмір бойы жұмыс істегеннен кейін, зейнетке шығатын уақытта барлығы есептеледі. Сол себепті де ай сайын тұрақты түрде зейнетақы қорына тиісті төлемдер аударылып отыруы тиіс. Азаматтардың жеке немесе жалдамалы жұмыс істеуі маңызды емес. Бастысы, тоқтамай төлемдердің аударылуы. Сәйкесінше, зейнет жасына жеткенде ойдағыдай зейнетақы алатын болады.

]]>
Түркістан ғалымдары шегірткеге қарсы препарат ойлап тапты https://1tv.kz/news/36823/ Tue, 09 Jun 2026 15:52:46 +0000 https://1tv.kz/news/36823/ Шетелдіктер мал ұстамай ет өсіріп жатса, біздің аграрлық саланың мамандары шегірткеге қарсы препарат ойлап тауыпты. Түркістандық ғалымдар диқандардың дегбірін қашырған зиянкестерді ауыздықтаудың амалын тауыпты. Марокко шегірткесіне қарсы биологиялық дәрі-дәрмек далалық сынақтан сәтті өткізілді. Әдеттегі химикаттарға балама биопрепарат қарапайым саңырауқұлақтан әзірленген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, алғашқы сынақтар Қазығұрт ауданының жайылымдық алқаптарында жүргізілді.

ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ХАБАРЛАМАСЫНАН:

Тиімділікті бағалау үшін өңделген шегірткелер арнайы далалық торларға 20 дарақтан орналастырылды. Сонымен қатар өңдеуден кейін бір тәулік өткен соң бақылау топтары құрылды. Бақылау кезеңі бойы мамандар зиянкестердің қырылу көрсеткіштерін күн сайын тіркеп отырды. Жәндіктердің зақымдануының алғашқы белгілері өңдеуден кейінгі үшінші тәулікте байқалды. Бесінші тәулікте қырылу деңгейі 70-80%-ға жетіп, тоғызыншы тәулікте тәжірибелік топтардағы барлық дарақтың толық қырылғаны тіркелді.

]]>
Әлем жаңалықтары https://1tv.kz/news/36828/ Tue, 09 Jun 2026 15:52:27 +0000 https://1tv.kz/news/36828/ Бір айналдырса, шыр айналдырады деген. Тынық мұхиты аймағынан маза кетті. Кеше ғана жойқын жер сілкінісі болған Оңтүстік-Шығыс Азия енді алапат цунамиге жанталасып дайындалып жатыр. Әсіресе Жапония билігі күл мен шаң басқан Кюсю аралынан азаматтарын жапа-тармағай көшіріп әлек. Алайда дамыған елдің аты дамыған, озық технология мен заманауи дабыл жүйесінің арқасында бірде-бір адам жапа шекпепті.

ЭКОНОМИКА ӨСІП ЖАТЫР. СОЛТҮСТІК КОРЕЯ

Әлемде қатты қарқынмен дамып келе жатқан елдердің рейтингісі жарияланды. Бұл тізімнің басында сол баяғы Сингапур мен Люксембург тұр деп ойласаңыз, қателесесіз. Жаһандағы экономикасы ілгерілеген мемлекеттердің көшін Солтүстік Корея бастап тұр. Бұл көрсеткішке Демократиялық Республика өз өнімін көптеп шығару арқылы қол жеткізген. Сондай-ақ Қытайдың да қолдауы дем берген екен. Корей түбегін ұдайы бақылайтын халықаралық басылымдардың дерегінше, елдің саяси элитасының жағдайы айтарлықтай жақсарған көрінеді. Ал ел үкіметі соңғы уақытта қару-жарақ саудасын мықтап қолға алған. Тіпті Пхеньян жаһан қауымдастығының санкцияларына қарамастан дамудың даңғыл жолына түскен. Мәселен, мейрамханалар туристерге батыс мәзірлерінен тағам ұсынып, карта мен QR-код арқылы төлем жүйесін енгізген.

ҚҰРБАНДАР САНЫ АРТТЫ. ФИЛИППИН АРАЛДАРЫ

Филиппиндегі жойқын жер сілкінісінің құрбандарының саны 30 адамнан асты. Алайда Минданао аралында опат болғандардың тізімі күн санап толығып келеді. Себебі үйінді астында қалған тұрғындардың нақты саны белгісіз. Табиғи апаттан аймақта 6200 мектеп қирап қалды. Ал осы жарамсыз білім ошақтарында 3 млн-нан астам бала оқиды екен. Сонымен қатар 130 мыңға жуық мұғалім жұмыссыз қалды. Айта кету керек, жер асты дүмпуі Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында екі күн бұрын тіркелді. Филиппин аралдарында тербеліс магнитудасы 7,8-ге жеткен. Елдің табиғи сейсмология институтының дерегінше, апаттан соң бірнеше афтершок қайталаныпты.

БҰҒАЗДЫҢ НЕ СИҚЫРЫ БАР? ИРАН

Иран әскері Ормуз бұғазын неліктен қызғыштай қоритыны белгілі болды. Ислам Республикасы стратегиялық канал арқылы қазынаның бір жыртығын жамап отыр екен. Иран парламенті бюджетті жоспарлау комиссиясының өкілі Мохсен Занганенің сөзінше, су айдынын кесіп, жол қысқартқан кез келген кеме қазынаға 2 млн долларға дейін жарна төлеуге міндетті. Сондай-ақ ресми Тегеран кейбір компаниялардан ақыны криптовалютамен де қабылдайтын көрінеді. Бартерлік келісім арқылы да есеп айырысуға мүмкіндік бар. Ормуз бұғазының жұмысын қадағалау үшін мемлекет арнайы орган құрған. Ал қыруар жарнаның ішіне барлық қызмет кіреді. Мәселен, Ормуз бұғазы аумағында арнайы мамандар кеменің қауіпсіздігін, спутниктік байланыспен қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда әскерилер құтқару-іздестіру операциясына да көмектесуге дайын.

ЖАСАНДЫ ЕТ ШЫҒАРЫЛУЫ МҮМКІН. НИДЕРЛАНД

Ет өндірісі жаңа деңгейге шықты, Нидерландта ерекше қожалық ашылды. Ол жерде төрт түлік жоқ. Тек жасанды ет өсіріледі. Ғалымдар «жемесең түсіңе, жесең тісіңе кіретін» асты қолдан дайындап шығаруды көздеп отыр. Қызғалдақтар елінің мамандары ол үшін жан-жануардың ұлпасын пайдаланады екен. Схиплёйден елді мекеніндегі отбасы фермасы ерекше тәжірибе алаңына айналды. Негізі бұл ауқымды жобаны корольдікке танымал Виллем ван Элен есімді ғалым бастап кеткен екен. Оның көзі кеткен соң теңдесіз жұмысты соңына дейін жеткізу міндетін ұрпақтары өз мойындарына алған. Нақтырақ айтсақ, стейкке арналған еттер арнайы 200 литрлік биореакторларда өсіріледі. Ал Оңтүстік Голландия аймағы жобаға 500 мың еуро қаржы бөлген. Әзірге мамандар жасанды етке деген сұранысты зерделеп көрмек.

]]>
Бозжыра турист қабылдауға дайын ба? https://1tv.kz/news/36825/ Tue, 09 Jun 2026 15:52:03 +0000 https://1tv.kz/news/36825/ Бүкіл әлемге аты әйгілі тағы бір тамаша жер батыстағы Бозжыра. Олжас Бектенов жауапты министрлікке нақты тапсырма беріп, туристік әлеуетті көтеру жайы бас қалада қызу әңгіме болғанда, Маңғыстау өңірінде нақты не істеліп жатыр? Арна тілшісі Рамазан Палмағанбет арнайы барып келді. Премьер-министрдің көтерген мәселелері мен айтқан сын-ескертпесіне кім құлақ түрді? Сюжет көрейік.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Көкке ұмтылған алып шыңдар мен тылсым табиғаттың ғажап көрінісі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жер миллиондаған жыл бұрын мұхит түбі болған. Біз маңғаз Маңғыстаудағы ең танымал туристік орын Бозжыра шатқалындамыз.

Бозжыра – Маңғыстаудың ғана емес, тұтас еліміздің туристік бойтұмары. Тарих пен табиғаттың бұл ғажайып туындысы бүгінде жаһан саяхатшыларының көзайымына айналды. Жыл сайын мұндағы тылсым сұлулықты көру үшін мыңдаған адам аптап ыстыққа қарамастан, маң даланы бетке алады. Еліміздің мақтанышына айналған мекенді тамашалауға келгендер түйгенімен бөлісті.

ТҮЙМЕШ ҚАНАТОВА, ТУРИСТ:

Күшті әсерде қалдық. Біздің Қазақстанымыз осындай әдемі жерлердің бар екенін енді көріп, енді сезініп жатырмыз. Осы әдемі таулы жерге шетелден туристер келіп жатыр, сол үшін біз тазалықты сақтауымыз керек.

Тұмса табиғаттың таңғажайып көрінісін көру үшін мыңдаған шақырымды артқа тастап, мұхит асқан шетелдік туристердің қарасы қалың. Ақ борлы шыңдар мен алып каньондарды көрген саяхатшылар таңданысын жасыра алмады.

БУРАК, ГЕРМАНИЯДАН КЕЛГЕН ТУРИСТ:

Мен Германияда тұрамын. Бірақ Түркия азаматымын. Әке-шешем әлі күнге дейін сонда. Біз достарымызбен Қазақстанға саяхаттап келдік. Ең бірінші аялдамамыз осы Бозжыра шатқалы болды. Бозжыраның сұлулығына ерекше тәнті болдық. Құдды бір Марста жүргендейміз.

МАТИА, СЛОВЕНИЯДАН КЕЛГЕН ТУРИСТ:

Мен бұл саяхатты ұзақ күттім. Бозжыра мен ойлағаннан да әдемі екен. Біздің елде дәл мұндай ғажайып шатқал жоқ. Сол себепті бұл сұлулықты көру біз үшін үлкен мәртебе. Бозжыраның сұлулығына көзіміз тояр емес.

Миллиондаған жылдық тарихы бар шатқалды күтіп ұстау – басты назарда. Осы тұста Бозжыраға келген саяхатшылардың қауіпсіздігі мен туристік орындағы тәртіпті инспекторлар жіті бақылауға алған. Өйткені жабайы туризмнің табиғатқа тигізер зардабы орасан.

НАУРЫЗБЕК БИСЕНҒАЗИЕВ, ҚЫЗЫЛСАЙ ПАРКІНІҢ БАСШЫСЫ:

Туристердің келу саны 7 мыңнан асады Бозжыра шатқалына. Қазірдің өзінде екі мыңнан аса турист келді. Жылдан жылға туризм Маңғыстауда дамып келе жатыр. Инспекторлар шетелдіктерге де, өзімізден келген туристерге де бағыт-бағдар, қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, жол көрсетіп отырады.

Бірер ай бұрын Бозжыра маңында заманауи визит орталығы ашылады дегенді естіген едік. Ел мақтаған сол нысанды өз көзімізбен көрдік. Жылына мыңдаған турист ағылатын шатқалдағы бұл ғимарат бір мезетте небәрі 50 адамды қабылдай алады екен. Ең қызығы, мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс бұл мәселені жергілікті кәсіпкер өз қаражатына салып, туристерге жағдай жасауға тырысқан.

АБЫЛАЙХАН ЖАЙЫЛХАНОВ, БОЗЖЫРА ВИЗИТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ БАСШЫСЫ:

Бізде қолдау қазір болған жоқ. Алдағы уақытта қолдауды жергілікті атқарушы органның туристік сервистік агенттерге беретін субсидиясын алуды жоспарлап отырмыз. Ол жоба толықтай іске қосылғаннан кейін, барлық құжаттар дайын болғаннан кейін тиісті органға құжаттарды тапсырып, субсидия алатын боламыз.

Бозжыраға келгендерді күтіп алып, ас-суын әзірлеп, жағдай жасаймыз деп отырған орталық басшысы кеткен шығынды субсидиямен толтырудан үмітті. Ал жауапты министрлік кәсіпкердің бұл қалауы қалай жүзеге асатынын заң аясында түсіндірді.

НҰРБОЛ БАЙЖАНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Биылғы жылдан бастап бұл қолдау шарасы әкімдікке өтті. Тиісті бұйрық жобалары келісу сатысында. Бұл заң наурыз айында қабылданған болатын. Одан әрі жергілікті бюджеттен қаржыландырады. Осы визит орталықтар коммерциялық орталықтар болғандықтан, олардың санын көбейту үшін 10 пайыз шығынын өтеу бойынша түзетулер қарастырылды.

Бозжыра – жай ғана борлы шыңдар емес, ол – бабалар тарихының куәсі, ұлттық брендіміздің алтын діңгегі. Осы бір ғажайып мекен арқылы қазақ жерінің атын әлемге танытуға мүмкіндік зор. Егер Бозжыраның тұмса табиғатын аман сақтап, туристердің ағынын тоқтатпаймыз десек, инфрақұрылым мен мәдениетті тең дамытуымыз керек. Табиғаттың теңдессіз сыйын келер ұрпаққа аман жеткізу – ортақ парыз.

Рамазан Палмағанбет

]]>
Қазақстанға келген қонақ қайда барады? https://1tv.kz/news/36826/ Tue, 09 Jun 2026 15:51:39 +0000 https://1tv.kz/news/36826/ Абай елі мен шығыс жақты айтқанда, тұмса табиғат пен жер ананың жауһар сыйлары еске түседі. Оны да туристік әлеуетті арттыруға қолдану керек. Шетелден қонақ ағылсын дейміз. Бірақ жиһанкездерге жайлы орын табылсын дейміз бе? Туристерді тарту бір бөлек, оларға лайықты жағдай жасау өз алдына. Осы салаға жауапты министрлер мен сала басшылары бүгін Үкіметте жиналып, өткір мәселелерді пысықтады.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Жаз келіп, жұрттың ойы демалысқа ауысты. Бірі шетелдің жағажайын аңсаса, енді бірі туған жердің тұмса табиғатын тамашалауға ниетті. Расында, шекара асып сабылмай-ақ, көз тоймайтын көркем мекендер өз елімізде де жетерлік. Бүгін дәл осы ішкі туризмнің тынысы, туристік бағыттарға қатынау мәселесі мен инфрақұрылымның жай-күйі Үкімет отырысында жан-жақты талқыланды. Туризм және спорт министрі де саладағы серпінді көрсеткіштерді алға тартып, жақсы жаңалықтарымен қуантып қойды. Айтуынша, шетелдік қонақтардан түскен табыс көлемі аз емес, инвестиция да көңіл көншітерлік деңгейге жетіпті.

ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысы туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажеттілігін атап өтті. Салық түсімдерінің көлемі 18%-ға артып, 630 млрд теңгеге жетті. Шетелдік туристердің шығындары 2,9 млрд АҚШ долларын құрады. Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрап отыр.

Шетелдік туристер келуін келеді. Бірақ діттеген жеріне жете алмай қиналады. Жеткенше жегеніңді желкеңнен шығарып, ішек-қарныңды төңкеріп тастайтын жолдар әлі де бар. Көш жүре түзеледі демекші, Көлік министрлігі обалы не керек, биыл 11 мың шақырым жолды жөндеу мен жаңғыртуға білек сыбана кіріскен. Соның ішінде талайдың таңдайын қақтырған Рахман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді, Көлсай сынды көрікті мекендерге апарар күре жолдар да бар. Әуе қатынасы да қалыс қалып жатқан жоқ. Негізгі туристік бағыттарға тұрақты қатынауда.

НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Жазғы маусымда негізгі туристік аймақтар: Алакөлге, Балқашқа, Түркістанға, Бурабайға және Каспий теңізіне авиа маршруттар бойынша рейстер орындалуда. Жазғы кезеңде аталған бағыттар бойынша аптасына 45 рейс ұшуда.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Терезесінен жел гуілдеп, есігі сықырлап, іші жазда қапырық, қыста суық болатын вагондар алдағы жылдары біртіндеп азаятын секілді. Жауаптылар 2030 жылға дейін жолаушылар вагондарының 90 пайызы жаңарады деп отыр. Ал жылдар бойы жөндеу көрмеген вокзалдар да қалыпқа келтірілуде екен. Бүгінде еліміз бойынша 124 нысанда қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның 30-ы 1 шілдеге дейін есігін ашуы тиіс. Айтпақшы, жолаушы қарасы көбейетін маусымда жұрт билеттен қиналып қалмас үшін қосымша пойыздар да қатарға қосылуда.

НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Биыл, сұраныстың артуына байланысты, туристік бағыттарға қосымша 15 пойыз іске қосылды. Оның ішінде 10 бағыт Алакөл жағалауына жүреді.

Үкімет отырысында тағы бір ірі жоба таныстырылды. Ол – Алматыда тәулігіне 10 мың шаңғышыны қабылдайтын SuperSki тау курортының салынуы. Медеу маңында бой көтеретін кешеннің 70 пайызы балалар мен шаңғыны енді меңгеріп жүргендерге арналмақ. Ал ең биік нүктесі Шымбұлақты басып озғалы тұр. Шыңның атауы Құмбел. Биіктігі 3400 метр болады. Тіпті болашақта мұнда оқушылардың дене шынықтыру сабақтарын өткізу де жоспарланып отыр екен. Ең бастысы, курортта еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін еркін мініп түсуге жағдай жасалады.

ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ, KAZAKH TOURISM DEVELOPMENT LTD КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Басты мақсат – тауды әр азаматқа қолжетімді қылу. Еңкейген қариядан, еңбектеген баланы жетектеген ана да, мүмкіндігі шектеулі жан да төменгі Медеудегі станциядан 3400 метрдегі Құмбел шыңына еш кедергісіз жете алады.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Жалпы кешен 2028 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Сондықтан Үкімет басшысы құрылысты созбалаңға салмай, кейінге қалдырмай, уақытты оздырмай тездетіп бітіруді тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Сын айтатындар, әрине, бола береді. Оған қарамай, бәрін тездетіп, іске асыру керек. Қабылданды. Бізге бос дискуссия емес, нақты нәтиже керек.

Қазақстанның ұлттық парктеріне былтыр 4 миллионға жуық турист табан тірепті. Сұраныс күрт артқан соң министрлік қол қусырып отырмай, демалыс аймақтарын реттеуге кірісіпті. Алдағы уақытта визит-орталықтар мен қонақ үйлер көбейіп, инфрақұрылым жаңарып, айнала танымастай өзгерейін деп тұр.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Ірі жобалардың қатарында Түркістан облысында орналасқан Сайрам-Өгем ұлттық паркінде эко-қонақүйлер салуды атап өтуге болады. Қасқасу шатқалында – 5 млрд теңгеге, Сайрамсу шатқалында – 4 млрд теңгеге. Ақмола облысында Зеренді және Шалқар көлдерінде бес жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың жалпы құны 8 млрд теңгені құрайды. Шығыс Қазақстан өңірінде орналасқан «Қатон-Қарағай» ұлттық паркінде төрт объектіден тұратын кластерді іске қосу да жоспарлануда.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Дегенмен Үкімет басшысы елдегі туристік аймақтардың даму қарқынына көңілі толмай отырғанын жасырмады. Инвестор тарту ісінің тым баяу жүріп жатқанын айтып, бұл бағытта жаңа серпін керектігін ескертті. Алдағы бір ай ішінде жаңа ұсыныстар күтемін деп қысқа қайырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бізде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, сондай-ақ Алтын-Емел, Іле-Алатауы, Бурабай, Баянауыл ұлттық табиғи парктері мен басқа да керемет табиғи байлықтарымыз бар. Алайда оларды дамыту мен инвестор тарту жұмыстарының қарқыны көңілден шықпайды. Жаңа заманауи жобалар қажет. Туризм, Экология министрліктері мен әкімдіктер бір айда нақты ұсыныстар енгізсін.

Жиын соңында Олжас Бектенов облыс әкімдеріне тапсырманы үйіп-төгіп берді. Туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуді, қызмет сапасын арттыратын инфрақұрылымды жедел дамытуды тапсырды.

]]>
Берік Уәли Ақордаға келді https://1tv.kz/news/36820/ Tue, 09 Jun 2026 15:51:04 +0000 https://1tv.kz/news/36820/ Инвестиция көлемі 20 пайызға дейін артып, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен көлік салаларында оң динамика сақталған. Абай облысының әкімі Президентке өңірдің экономикалық дамуы туралы есеп берді. Өңір тізгініне 1,5 жыл бұрын келген Берік Уәлидің сөзінше, аймаққа тартылған қаржы көлемі екі есе өсіп, бірнеше ірі жоба қолға алыныпты. Соның ішінде «Аягөз-Бақты» теміржол желісінің құрылысы, жылу электр орталығы мен тау-кен байыту комбинатын салу бойынша жұмыстар сәтті жүзеге асып жатыр. Ал алдағы уақытта қосымша 2500 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту жоспарланған. Облысқа тағы үш ірі жоба бойынша ұсыныс түсіпті.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Алакөл туристік аймағын дамыту барысы туралы да айттым. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Былтыр салыстырып айтсақ, 1 млрд қарастырылған. Соның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын реконструкциялау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, облыс басшысына инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша бірқатар тапсырма берді.

]]>
Бүлдіршіндер сауда үйінде тәрбиеленуде https://1tv.kz/news/36827/ Tue, 09 Jun 2026 15:50:45 +0000 https://1tv.kz/news/36827/ Балабақшаға жіберген балаңыз күнімен қайда жүргенін білесіз бе? Жамбылда мектепке дейінгі мекеменің бүлдіршіндері таңнан кешке дейін сауда орталығында сабылады екен. Ол үшін басшылық арнайы 2 миллион теңге төлеп отыр ай сайын. Бөбектер онда неғып жүр?

ДӘУРЕН ДОҒДЫРБАЙ, ТІЛШІ:

Қос қабатты балабақша іші бүлдіршінге толып, ауыл балалары асыр салып ойнау керек еді. Алайда мектепке дейінгі мекеме небәрі 12 жыл ғана жұмыс істеп, есігі тарс жабылған. Өйткені қыруар қаржы жұмсалған нысан апатты деп танылған.

Сырты сау болып көрінгенімен, бұл балабақшаның іші тіптен қорқынышты. Едені отырып, көп жерде апандай ойықтар пайда болған. Ал қабырғасының жай-күйін айтпай-ақ қойсақ та түсінікті. Дәл мұндай жарықшаларды әр бөлмеден кездестіруге болады. Өкініштісі, бар болғаны екі жылдың ішінде біраз дүниенің қолды болғаны байқалады. Себебі кей жерлерде есік пен терезелер түп-тамырымен жұлынған. Әжетхана ішінде сау дүние қалмаған. Күйінген көпшілік қараусыз қалып бара жатқан нысанды ертерек жөндеп берсе дейді.

МАДИНА АМАНЖОЛ, МОЙЫНҚҰМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

24-ке дейін келді ғой деймін. Жабылғанға дейін 2 жыл балабақшада болды. Содан кейін ескі балабақшаға барып жүрміз, бір жақтан екінші жаққа тасып, үйден алыстап кеттік. Балаларымызға ойнағанға ыңғайлы мына жақтың жағдайы жасалған еді. Жөндеп берсе өте дұрыс болар еді.

Қазіргі таңда 200-ге жуық бүлдіршін мен 41 қызметкер сауда үйін паналап жүр. Орталықтағы бөбекжай апатты деп танылғаннан кейін жеке нысанға көшірілген. Содан бері мектепке дейінгі ұйым жалдамалы ғимаратта орналасқан. Аренда үшін мекеме ай сайын 2 миллион теңге төлеп отыр.

САМАЛ НАҒАШЫБАЕВА, «ҚҰЛЫНШАҚ» БӨБЕКЖАЙ-БАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Өзіміздің ғимарат болған қандай жақсы ғой. Өйткені өзіміздің ғимаратқа жете алмай, арендада отырмыз қазір. Амалдың жоғынан, өйткені басқа жер жоқ. Бос орын жоқ. Бала көп. Қамтылатын бала көп. Сыймайды.

Аудандық білім бөлімі 150 миллионға тұрғызылған ғимараттың әлі де қолданысқа жарамды екенін айтады. Сондықтан бөбекжайды қайта сараптамаға жіберіпті. Оның қорытындысы жыл соңына дейін белгілі болмақ. Егер оң нәтиже шықса, жауаптылар келер жылы нысанды күрделі немесе ағымдағы жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр.

МӘЛІК МҰҚАШОВ, МОЙЫНҚҰМ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін аудан әкімдігінің балансынан алынып, облыстық білім басқармасына өтетін болады. Алдағы уақытта күрделі жөндеу болмаса, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалардың игілігіне берілетін болады.

Түйткілдің түйіні тиын-тебенге тіреліп тұр. Қажетті қаржы бөлінсе, құрылыс қарқын алады. Бөлінбесе, сауда үйін жауаптылар қайта жалға алады. 24 ай бойы жұртты алаңдатқан сұрақтың жауабы қандай болатыны жыл соңында белгілі болады.

]]>
Жаңалықтар 09.06.26 https://1tv.kz/video/36808/ Tue, 09 Jun 2026 11:19:13 +0000 https://1tv.kz/video/36808/