Мазмұнға өту
· 35 қаралым

Қызылордалықтар бекіре өсіруді қолға алған

Талсуаттық кәсіпкер Арал теңізінде жойылып кеткен бекіренің тұқымын қайта жаңғыртып жатыр. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 31 млн теңге несие алған ол 5 мыңға жуық балықты баптап отыр.

Енді Сыр жұртшылығы қара уылдырық жеп, бекіренің сорпасын іше алады. Талсуаттық кәсіпкер бағалы балық түрін өсіруді қолға алған. Кезінде Арал теңізінде мекендеп, кейін жойылып кеткен бекіре Қызылорда климатына қайта бейімделді. Іскер азаматпен әріптесіміз Рамазан Палмағанбет тілдесіп қайтты.

Қызылорда облысы

Бір кездері Арал теңізінің ажары болған бекіре балығы, араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, Сыр өңіріне қайта оралды. Қызылорда іргесіндегі Талсуат ауылында жергілікті кәсіпкер айдындарда тұқымы жойылып кеткен бағалы балық түрін қайта жандандыруды қолға алды.

Бұрын бұл балық тек ауқаттылардың дастарханында немесе Каспий жағалауында ғана болатын. Ал бүгін ол Сырдың суында еркін жүзіп жүр. Тіпті, жергілікті климат пен суға үйренген. Кәсіп иесі Ғалымжан Нағиев көңіл қуантатын нәтижеге жету үшін екі жыл бойы шетелде тәжірибе жинағанын айтады. Идеясын жүзеге асыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына құжат тапсырып, 31 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Бүгінде ол аядай ғана ғимаратта 5 мыңға жуық балықты баптап отыр.

«Ең бастысы – балықты біздің суға бейімдеу. Бұл – негізгі проблемалық мәселелердің бірі болатын. Қазір балықты жерсіндіріп алдық, енді осылардан болашақта уылдырық алып, өнімді көбейтеміз. Осы өсірілген балықтар Қызылорда облысының төл өнімі ретінде дариямызға да, теңізімізге де жіберуге әбден болады», – дейді кәсіпкер Ғалымжан Нағиев.

Бітімі бөлек балықтың күтімі де ерекше. Шаруашылық қызметкерлері айдынды теңізді мекендейтін бекірені жерсіндіру үшін бар күшімізді салып жатырмыз дейді.

«Бұл балықтарды кішкентайынан өсіргеннен кейін, бейнебір үйдегі сәбиді тәрбиелегендей уақыт бөліп, күтім жасау керек. Шабақ кезінде сағат сайын жем бердік, қазір есейген соң екі сағат сайын қоректендіреміз. Күнделікті бассейндердің ішін тазалап отырамыз. Егер асты таза болмаса, балық жемге шықпай қалады», – дейді шаруашылық қызметкері Оңталап Шаниязов.

Кәсіпкер балық шаруашылығына қызығушылық танытқан жерлестеріне тәжірибесімен бөлісуді қолға алған. Ал жергілікті әкімдік бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Осы жоба аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен бекіре балығын өсіру жөнінде ұсыныс түсті. Мен бұл бастаманы бірден қабылдадым. Өздеріңіз білесіздер, кезінде Аралда бекіре балығы көп болған. Кейін азайып кеткендіктен, «Хан бекіре» шаруашылығы осы бағалы тұқымды қайта жаңғырту бағытында жұмыс істеп жатыр. Қазір нарықта бекіре балығы тапшы, сондықтан бұл өнімге сұраныс жоғары», – дейді Талсуат ауылының әкімі Ерлан Бейсенбаев.

Әрине, мұндай батыл жобалар тек кәсіпкердің құлшынысымен ғана емес, мемлекеттің демеуімен жүзеге асып жатыр. Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аймақтағы талай тың бастамаға жан бітіріп, ауылдағы ағайынның табысын еселеуге жол ашты. Мақұлданған жобалардың нәтижесі де жаман емес. Облыстық жауапты басқарма өкілі бағдарламаның барысын былай сабақтады.

«2023 жылдан бастап 11 млрд теңгеге 1000-нан астам жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 1110 жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын кәсіпкерлік саны едәуір артып, 50 өндірістік кооператив құрылды. Өңдеу саласы бойынша 150-ден астам кәсіпорын және жалпы аумағы 2 гектарды құрайтын 56 жылыжай іске қосылды. Бұған қоса, бағдарлама аясында 3000 бас асыл тұқымды мал сатып алынды», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев.

Балық баптап, бақ тапқан кәсіпкер алдағы уақытта тарыдай уылдырықтан тайдай тулаған бекіре өсіріп, халыққа ұсынбақ. Ол жуырда бағалы балықтың сапалы өсуі үшін 8 жаңа кең бассейнді іске қосуды жоспарлап отыр.

Рамазан Палмағанбет
Айтуған Бағланов

← Барлық жаңалықтар