Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Балалар апатты мектептің астында қалмай ма?

«Сырты бүтін, іші түтін». Дәл осы теңеу Байзақ ауданына қарасты Жеңіс ауылындағы мектепке арнап айтылғандай. Себебі ағарту ошағының табалдырығынан аттай қалсаңыз, баспалдақтың көгергені, қабырғаның жарылғаны бірден көзге түседі. Ал директор мен балалар отыратын сыныптардың сылақтары сыпырылып, бөлмелерді дымқыл баса бастапты. Тіпті ғимараттың негізгі бөлігі саналатын іргетасқа да сызаттар түскені тұрғындарды алаңдатып отыр.

МАРАТ ЫРЫМБЕКОВ, ЖЕҢІС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мектепті апатты жағдайда деп мойындап кеткен. Шешімін шығарып, апатты мектеп деп таныған. Мектеп салынады деп те шешім шығарған. Жері бөлініп қойған. Жылда сылағы сырылып қала береді.

Жергілікті биліктен көңілі қалған көпшілік атқамінерлердің келіп-кетуден басқа тірлік тындырмағанын айтады. Сөздерінше, төрт жыл бойы құрғақ уәдемен тойдырып келген. Енді тұрғындар қорқынышпен ұл-қыздарын сабаққа жібереді.

МАРАТ ЫРЫМБЕКОВ, ЖЕҢІС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тек қана уәде беруден басқа дым жоқ қой онда. Уәде береді де, кетеді. Одан кейін бұл жаққа келмейді. Әкім деген келіп тұруы керек қой, ауылдың жағдайын біліп, сұрап тұруы керек.

Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, ағарту ошағы тозығы жеткенімен, апатты жағдайда емес. Кеңестік кезеңде бой көтерген ғимараттың әлі де қолданысқа жарамды екені жеткізілді. Ал жаңа мектептің құрылысы осы жылдың соңында басталатыны айтылып, ауыл тұрғындарын қуантты.

ҚҰРАЛАЙ ӨСКЕНБЕКОВА, БАЙЗАҚ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

2027 жылы осы 100 орындық мектеп құрылысына толыққанды ғимарат берілетін болады. Қазіргі таңда жалпы жоспарда бар. 2027 жылдың аяғына дейін 100 орынды мектеп құрылысы аяқталатын болады.

Болжам бойынша, білім мекемесінің құрылысына 1 млрд теңгеден аса қомақты қаржы қажет. Әзірге тек мектептің жері дайын, сметасы алдағы айда жасалмақ. Айта кетейік, соңғы бес жылда ауданда 8 ағарту ошағы бой көтерген. Барлық іс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр, дейді жауаптылар.

← Барлық жаңалықтар