Мазмұнға өту
· 17 қаралым

ЖИ емханадағы кезекті реттейді

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Жасанды интеллект қоғамға мықтап бейімделіп келеді. Енді адам реттей алмаған емханалардағы ұзын-сонар кезекті бір жүйеге келтіру міндеті нейрожүйеге жүктеледі. Бұдан былай ақ халаттылардың қабылдауы да жаңа технология арқылы жүзеге асады. Яғни дәрігер мен науқас арасындағы диалог бастан-аяқ тіркеледі. Ал жаңа технология алынған мәліметтер негізінде сараптама жасап, алдын ала тұрғындарға диагноз қоя алады. Сиясы кеппеген стартап жобасы бүгін Үкімет отырысында таныстырылды.

СҰЛТАН ЖҰМАБАЕВ, СТАРТАП ЖЕТЕКШІСІ:

Біз дәрігерлерге арналған ЖИ жүйесін құрып жатырмыз. Ол ақпаратты құрылымдалған медициналық деректерге айналдырады. Алынған мәліметтерді нейрожүйе алғашқы қабылдау картасына және медициналық картаның негізгі бөлімдеріне автоматты түрде толтырады. Содан кейін ақпарат контекстіне сәйкес оңтайлы емдеу мен тағайындауды ұсына отырып, алдын ала диагноз қояды.

Алдағы уақытта елімізде нейрожүйе енгізілмеген сала қалмайды. Жасанды интеллект маңызды барлық бағытты қамтып, тегін, пайдалы кеңес ұсынады. Мәселен, жаңа технология отын-энергетика кешенінің жұмысын оңтайландырып жатыр екен. Қазір бұл салада 45 жоба қолға алыныпты.

Бұдан бөлек, республикадағы егіс алқаптарын басқаруға да қолданылмақ. Мәселен, өзін-өзі дамыту жүйесі бір уақытта 5 мың қызметкердің жұмысы мен арнайы техникалардың қозғалысын бақылай алады. Сондай-ақ жасанды интеллект дәнді-дақылдардың жай-күйін талдап, өсімдіктерге қажетті су мөлшерін есептеуге мүмкіндік береді.

БАҚТИЯР ОСПАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АСТЫҚ КОНСОРЦИУМЫ ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Біздің цифрлық платформа тек есеп жүйесіне ғана емес, агробизнесті интеллектуалды басқару құралына да айналып келеді. Цифрлық платформаны енгізу қорытындысы бойынша біз бірнеше оң нәтижеге қол жеткіздік. Операциялық шығындар 5-10 пайызға төмендеді, өндіріс тиімділігі 10-20 пайызға артты, адами фактордың ықпалы айтарлықтай төмендеді.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Заман талабына сәйкес, алынған мәліметтердің де қауіпсіздігі ескерілуі тиіс. Бұл бағытта жаңа орталықтардың іргетасы қаланды. Мәселен, өткен жылдың соңында Алматыда Аль-Фарабиум суперкомпьютері іске қосылған. Бүгінде жаңа технология ең өнімді құрылғылар арасында әлемде 103-орында тұр. Оның есептеу қуаты 100 пайыз толық жүктелген.

БАҒДАТ МУСИН, ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Сондай-ақ деректерді өңдеудің жаңа орталықтарының құрылысы жүргізілуде. Биыл қараша айында Қосшы қаласында Аль-Фарабиум-2 суперкомпьютерін іске қосу жоспарлануда. Оның өнімділігі Алматыдағы орталықтан үш есе артық, яғни 4,3 бетафлопс болады.

Елімізде IT саласы ерекше қарқынмен дамып жатыр. Үкімет басшысы жауаптыларға осы межені сақтап тұру міндетін қойды. Ал цифрлық бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыла жұмыс істеу керек.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз IT-қызметтер экспортын 1 млрд доллардан астам деңгейге жеткіздік. Осы қарқынды сақтап қалу үшін барлық күшті жұмылдыру керек. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 трлн доллардан асады.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Сондай-ақ Үкімет басшысы жасанды интеллект саласын дамытып, арнайы стартап жобаларды әзірлеген дарынды азаматтарға барынша қолдау көрсету қажеттігін айтты. Себебі мамандар өзекті мәселелерді жақсы біледі. Сөз соңында Олжас Бектенов нейрожүйе төңірегіндегі жобалар пилоттық бастама ретінде қалып қоймай, технологияның толық іске қосылуын қадағалауды тапсырды.

← Барлық жаңалықтар