Мазмұнға өту
· 17 қаралым

Өз баспанасына кіре алмай жүр

Бастықтардың уақыты да басқаша жүреді ғой деймін осы. Жағдайы ғарышқа кетіп қалған әкім-қаралардың сағаты да сол ғарыштың уақытына бағынатын сияқты. Себебі олардың бір сағаты бір күнге, бір күні қарапайым халықтың бір айына тең сияқты. Түркістандық шенеуніктердің жұртқа жеті күнде бітіреміз деп уәде бергеніне жетінші ай кетіп барады. Жарты жыл бұрын алған үйлеріне тұрғындар әлі қоныстана алмай жүр.

Түркістан қаласында бой көтерген 20 көпқабатты үйдің иелері былтыр қараша айында конкурстан өтіп, пәтерлі болған. Қаншама жыл кезекте тұрып алған баспаналарына әне-міне кіреміз деп жүргендеріне жарты жылға жуық уақыт өтті. Себебі инфрақұрылым жоқ, сапасына да көңілдері толмай отыр.

НҰРИЛА МЫРЗАҒАЛИЕВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мыналардың бәрі – сызат. Қарашадан бері әлі үйге кірген жоқпын. Түсқағаздардың бәрі жарылып жатыр. Бұл не деген масқара? Сызаты бар үйді бізге сатып жатыр.

Өркениеттен жұрдай болса да амалы таусылып, көшіп келгендердің бірі – Әсел Сарбасова. Екінші топтағы мүгедек баспана кезегінде 10 жыл тұрып, әрең дегенде алған. Суық су ғана қосылған пәтерде екі мүгедек пен бір зейнеткер өмір сүріп жатыр.

ӘСЕЛ САРБАСОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерге келсем, суды ғана қосыпты. Бірақ жарық жоқ. Енді түнде не істейтінімізді білмей тұрмын. Ешқандай жағдай жоқ, газ жоқ. Қайда тамақ істейміз? Денсаулығым жарамайды.

880 пәтерге кіре алмай жүргендер қала әкімінен бастап бөлім басшыларына дейін бірнеше мәрте барып, жағдайларын айтыпты. Бірақ оң нәтиже әлі күнге дейін шықпаған. Ипотеканың да, өздері қазір жалдап тұрып жатқан пәтердің де ақшасын төлеп шаршағандарын айтады.

НАЗИРА ӘШІРБЕКОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Талабымыз – өз үйімізге кіру. Осы уақытқа дейін болған артық шығынның өтемақысын да берсін. Ипотека 90 мың, пәтер 80 мың. Екі жақты шығын болып отыр. Бұл көпбалалы отбасыға өте үлкен салмақ.

Әкімдіктегілер мәселеден хабардар екенін айтады. Қазір инфрақұрылымды қосуға жұмыс істеп жатқандарын жеткізді. Бұған дейін трансформатордың ішіндегі құрылғылар ұрланып кетіпті. Ол бойынша тиісті органдарға арыз жазылған.

НҮРКЕН НАХБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Су жүйесі қосылған. Электр желісі енді екі күннен кейін кезең-кезеңімен қосыла бастайды. Толық бір аптада аяқтау жоспарланып отыр. Көрсеткен кемшіліктерді суретке түсіріп алдық. Мердігер мекемеге бүгін ескерту хат жіберіп, талап-арыз береміз.

Енді тұрғындар шенеуніктердің тағы да берген уәдесі орындалғанын талап етіп отыр. Әйтпеген жағдайда құзырлы органдарға арыз жазамыз дейді. Себебі уәдеге әбден тойдық деп отыр.

← Барлық жаңалықтар