Мазмұнға өту
· 18 қаралым

Бір адамның мәйітін өртеу 240 мың теңге

Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий жұмысын бастады. Кремация құны 240 мың теңгені құрайды. Шетелдік пеш 1100 градусқа қызып, биологиялық тіндерді 2 сағатта күлге айналдырады. Тәулігіне екі пеш сегіз мәйітті кремациялауға қауқарлы көрінеді. Бірақ марқұмның күлін сақтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Туыстарына бергенімен, оны шашып жіберуге елімізде тыйым салынған. Сонда күлді қайтеміз?

Бір жарым миллиардқа салынып, қай мемлекеттік органға берерін білмей, бес жыл бойы жырланған крематорий ақыры ашылды. Төрт бөлмеден тұратын нысанда шетелде оқыған 27 қызметкер бар. Чехияда жасалған заманауи екі пешпен жабдықталған. Ол 800-1100 градусқа дейін қызады. Кремацияның өзі екі сағатқа созылады екен. Жаңа технология түтін газдарының толық жанып кетуін қамтамасыз ететін көрінеді.

АРДАҚ ӘЛІШЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ «ҚАЛАЛЫҚ ПАТОЛОГОАНАТОМИЯЛЫҚ БЮРОСЫ» ШЖҚ КМК ДИРЕКТОРЫ:

Пештің өзі табиғи газбен жұмыс істейді. Кремациялау процесі 2 сағатты алады. Биологиялық тіндер, жұмсақ тіндер мен сүйек тіндері толығымен күл күйіне жетеді. Айталық, ірі сүйектерден басқа, олар жамбас сүйектері, бас сүйек түбінің сүйектері – олар жанып кетеді, бірақ өз құрылымын қалдырады.

Кремациядан бұрын қызметкерлер мәйітті санитарлық талаппен жуындырып, 4 градустық тоңазытқышқа салады. Ал онда 48 мәйітке орын бар. Денені бір айға дейін сақтау мүмкіндігі қарастырылыпты. Содан кейін туыстары арнайы залда марқұммен қоштаса алады. Тіпті жақындары кремация барысын терезеден бақылайды. Бірақ марқұмның күлін сақтауға крематорийде орын жоқ.

ҚҰРАЛАЙ АБДЫҚАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ «ҚАЛАЛЫҚ ПАТОЛОГОАНАТОМИЯЛЫҚ БЮРОСЫ» ШЖҚ КМК ЭКОНОМИСІ:

Бізде кремация ақылы болғандықтан, келісімшартқа отырамыз. Қай уақытқа дейін алып кетуге болады, қай уақытқа дейін сақтауға болатыны туралы шешім қабылданады. Сол шартқа байланысты біз бір жылға дейін осында сақтай аламыз. Қазір жерлеуге қатысты нұсқаларды да қарастырып жатырмыз.

Яғни марқұмның күлін туыстары өздері алып кетеді, бірақ оны шашып жіберуге елімізде тыйым салынған. Әу баста крематорий бейіттер толып, жер тапшылығынан туындаған еді. Енді шенеуніктер капсулаға салынған күл үшін колумбарий қарастырамыз деп отыр. Ал жалпы кремация құны 240 мың теңге. Бірақ туыстарының қолында марқұмның көзі тірісінде жазып, нотариуспен бекітілген рұқсаты қажет. Келісімі жоқ адамды қабылдамайды.

← Барлық жаңалықтар