Осы демалыс күні елордада ерекше сән байқауы өтеді. Бірақ бұл жолы подиумға қыпша белді арулар емес, төрт аяқты тарландар шығады. Іс-шараға елімізбен қатар Ресей және Беларусьтен 350-ден астам ит қатысып, үздіктер анықталмақ.
Төрешілер алқасының құрамында Венгрия, Швейцария және Қытайдан келген үздік сарапшылар бар. Дәл осы мамандар жануарлардың стандарттарға сәйкестігін анықтайды. Атап айтқанда, иттің анатомиясы, тісі, жүнінің сапасы, қимыл-қозғалысы, темпераменті мен подиумда өзін ұстауы назарға алынады. Осы талапқа сәйкес келетіні жеңімпаз атанады, – деп мәлімдеді Халықаралық кинологиялық федерациясының президенті Тамаш Яккель.
Сондай-ақ қазақтың құмай тазыларының сипаты бөлек бағаланады. Көрмеге осындай 60-тан астам ит тұқымы қатысады деп күтілуде. Олардың далалық өмірге сай эстетикасы мен тектілігін отандық төреші тексереді. Айта кетейін, ұлттық брендімізге шетелдік мамандар мен кинологтар айрықша қызығушылық танытып отыр.