Бірлік күніне арналған фестиваль. Алматыда мектеп оқушылары Қазақстан халқының бірлігі күніне орай көрме мен концерт ұйымдастырды. Одан түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсауды көздеп отыр.
БАХТИЯР ЕРМЕКОВ, «GALAXY» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл фестивальдің мақсаты – Қазақстанның астында өмір сүріп жатқан көптеген ұлт өкілінің құндылықтарымен бірге бөлісу, бір-біріне құрметін көрсету, бірге бейбітшілік ішінде өмір сүріп жатқанын көрсету. Жүрегі кең, жомарт қазақ халқының арқасында екенін көрсету.
Фестивальді халықаралық мектеп Бостандық ауданының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырыпты. Басты ерекшелігі – түрлі ұлт өкілдерінің мәдени әралуандығын бір алаңда көрсету. Мектеп оқушылары 20-дан астам ұлттың музыкасы мен биінің өзіндік ерекшелігін ашады. Қонақтар үшін бұл әлемді бір күнде аралап шыққандай әсер сыйлайтын ерекше тәжірибе екен.
Ал ата-аналар жәрмеңкеге ұсынған тағамдар мен бұйымдардан түскен қаражат нақты әлеуметтік мақсатқа бағытталады. Яғни кітап дүкенімен бірлесіп, ауыл мектептерін жаңа оқулықтармен қамтамасыз етуді көздейді. Бұл бастама ұл-қыздардың білімге қолжетімділігін арттыруға және оқу мәдениетін қолдауға бағытталған.
МӨЛДІР ТОҒЖАНОВА, АТА-АНА:
Әр сынып бір ұлтты бөліп алып, сол ұлтты зерттеп, біз ас мәзірін жасап, киімдерін, қандай мәдениеттері бар – сонымен танысып, балаларымыз да біліп жатыр, танып жатыр. Әртүрлі ұлтқа деген құрметтері дамып, солармен таныс болып, керемет бір іс-шара деп ойлаймын.