Елімізде мүгедектікті рәсімдеу жеңілдейді. Бірақ бұл бәріне бірдей емес, комада жатқан немесе өзі өтініш бере алмайтын ауыр хәлдегі азаматтарға ғана қатысты. Бұрын мұндай жағдайда әркім өз атынан өтініш беруге тиіс деген талап қойылатын, салдарынан науқастардың жақындары әрлі-берлі сабылып жүретін. Енді құжат тапсыру мен медициналық-әлеуметтік сараптамаға жүгіну құқығы науқастың туыстарына немесе жұбайына заңды түрде берілмек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл тәсіл бірқатар маңызды мәселелерді жедел шешуге, мемлекеттік жәрдемақының уақтылы тағайындалуына жол ашады. Бұйрық жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.