Алматыда жастар арасындағы жаппай төбелес кезінде екі жасөспірім көз жұмды. Оның бірі алған жарақатынан оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Марқұмның жақындары қайғылы оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның жауапқа тартылғанын қалайды. Ал екі отбасын қара жамылдырған күдіктілер қамауға алыныпты.
Төбелес кезінде пышақ жарақатынан көз жұмған Дінмұхамед Есенгелді отбасындағы 4 баланың бірі екен. Туыстары оны төрт күн бұрын жер қойнына тапсырған. Айтуларынша, қақ-соқпен ісі жоқ болыпты. Мектепті үздік оқып, жоғары оқу орнына түсіпті. Әпкесіне өзінен ересек жігіттер ақша бопсалап жүргенін жеткізген. Ал 30 мамырда үйіне келмепті. Түн ортасында полицейлер хабарласып, қаралы хабарды жеткізген. Төбелес кезінде бірнеше пышақ жарақатын алыпты.
ГҮЛШАТ ӘБДІРӘСІЛОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
Баламның жүрегінің тұсына кірген. Сол жерде балам көп ұзамай көп қан жоғалтқан. Баламның жаны қатты қиналып, жан тапсырған. Үйге мәйітті әкелгенде денесін көре алмадым. Бірақ бетін ашып, баламмен қоштасқанда тістерімен еріндерінің бәрін тістеп тастаған екен. Менің балам жан тапсырғанда қиналған екен.
Жастар арасындағы ерегіс компьютер клубынан басталған көрінеді. Төбелестің арты пышақтасуға ұласқан. Салдарынан екі жасөспірім көз жұмған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында барлық күдікті анықталып, полиция басқармасына жеткізілген. Адам өліміне қатысы бар деген үшеуі қамауға алыныпты.
РУСТАМ ШАРИБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жастар арасындағы жанжал кезінде орын алған кісі өлтіру фактісі бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктілер анықталып, ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Марқұм Дінмұхамед қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде бірінші курста оқыған екен. Болашақта тергеуші болуды армандапты. Жақындары қанды оқиғаға қатысы бар барлық адамның тиісті жазасын алғанын қалайды.
НАТАН ӘБДІРӘСІЛОВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
Балам 17 жаста, 18-ге толмаған. Анау 20-да, пышақ тыққан бала. Ол пышақты бір емес, неше рет тыққан. Не деген жауыздық деп отырмын. Сол үшін сотта дұрыстап, анық, таза сот болсын деп отырмын. Біздің талап сол.
Төбелеске қатысқандар колледж студенттері көрінеді. Қазір оннан астам адам тергеуге алынған. Олардың арасында кәмелет жасына толмағандары да бар. Тергеу барысында жанжалға нақты не түрткі болғаны анықталады дейді полицейлер.