Солтүстік Қазақстан облысында құтырма ауруы тіркелді. Есіл ауданына қарасты Амангелді ауылында ит иесіне аяқ астынан тап беріп, қауып алған. Әдетте аяғына оралып, тып-тыныш жүретін төрт аяқтының бұнысынан секем алған тұрғын бірден ветеринарларға хабарласқан. Бекер алаңдамапты. Мамандардың болжамынша, ит бұл дертті түлкілерден жұқтырған көрінеді. Ал індеттің таралуына жол бермеу үшін елді мекенде шектеулер енгізілген.
НАРИМАН ТАСБОЛАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Шектеу шаралары енгізілгеннен бері республикалық эпизоотияға қарсы жасақпен кешенді сауықтыру шаралары жүргізілді. Яғни, соның ішінде дезинфекция жұмыстары және жануарларды құтырмаға қарсы вакцина жүргізілді. Құтырмаға қарсы 45 жануар вакцинадан өтті: 36 ірі қара мал, 1 ит және 8 мысық.
Мамандар құтырманың таралу қаупі жоқ дейді. Ауылдағы шектеу шаралары екі айдан кейін алынбақ.