Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Әлем жаңалықтары

Еңбек демалысында акулаға жем болып жүрмеңіз! Туристердің сүйікті мекеніне айналған Шарм-эль-Шейх пен Хургада курортты аймағында қауіп күшейді! Қызыл теңіз жағажайындағы жыртқыш балықтың қарасы көбейген. Мысыр билігі қазір жауыз желбезектілерді аулауға кіріскен. Сондай-ақ, демалушыларды қабылдайтын қонақ үйлерге талап күшейтілді.

ҚАУІПТІ ІНДЕТ ӨРШІП ТҰР. КОНГО ДР

Қара құрлықты анда-санда өздеріне тән бір індет мазалауы заңдылыққа айналып барады. Материктегі ең ірі Конго Демократиялық Республикасы мен Уганда елінде Эбола вирусын жұқтыру дерегі көбейіп кетті. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық маңызы бар төтенше жағдай режимін жариялауға мәжбүр. Сонымен қатар ұйым бұл пандемия емес, эпидемия екеніне ерекше назар аударады. Ал дерттің өршуі туралы ресми түрде өткен аптада ғана хабарланды. Мәселен, бұрынғы Заир деген атаумен белгілі мемлекеттің 3 ауданында 246 адамға індет жабысқаны анықталды. Бұдан бөлек, вируспен байланыста болуы мүмкін шамамен 80 өлім жағдайы тіркелді. Бірақ бұл деректер әзірге нақтыланбады. Аурудың негізгі ошағы деп Конгоның шығысындағы Итури провинциясы аталады. Ұйым дерегінше, қауіпті вирустан қос елде өлім-жітім деңгейі 70%-ға дейін жетуі ықтимал.

ХАНТАВИРУСҚА ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ДЕРЕК. ШВЕЙЦАРИЯ

Бір айналдырса шыр айналдырады демекші, қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейсусске оңай болмай тұр. Эфиопиялық маман жарғақ құлағы жастыққа тимей, жаһан қауымдастығы үшін еңбектеніп жүр. Африкада Эбола күшейген тұста, кәрі құрлықта хантавирус деп аталатын індет күш алуы мүмкін. Ұйым мамандары «Хондиус» лайнеріндегі кесел жұқтырғандардың санын 10 адамға дейін төмендетті. Оның ішінде 3 адамның ажал құшқаны бар. Сондай-ақ, 8 жолаушының сынамасынан Андес вирусының белгілері анықталған көрінеді. Бұған дейін жаһандық ұйым өкілдері нидерландылық кемедегі нақты деректер біраз уақыт өткен соң қайта түзетілуі мүмкін екенін ескерткен еді.

АЭС-ТЕН ӨРТ ШЫҚТЫ. БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІ

Иран тағы да Араб елдерін дронмен атқылауды бастаған сияқты. Бұл жолы ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар Әмірліктердің «Барака» деп аталатын атом электр станциясын зақымдапты. Соққы салдарынан нысанда өрт тұтанған. Бұл жағдайға МАГАТЭ де назар аударуға мәжбүр болды. Себебі қоршаған ортаға радиация таралуы мүмкін. Десе де жергілікті билік жағдай толық бақылауда екенін айтып, халықты сабырға шақырып отыр. Ал Атом энергиясы бойынша халықаралық агенттік басшысы Рафаэль Гросси ядролық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін кез келген әскери іс-қимылдар тиімсіз екенін жеткізді. Әмірлік билігі бұл оқиғаға террористік шабуыл деп баға беріп, Иранға жауап беруге буынып-түйініп отыр.

ТАШИЕВТІҢ СОТЫ БАСТАЛДЫ. ҚЫРҒЫЗСТАН

Көрші Қырғыз елінде абыр-сабыр. Президент Садыр Жапаровтың сенімді серіктерінің бірі болған, мемлекет басшысының билікке келуіне жағдай жасап, шашбауын көтерген Қамчыбек Ташиевтің соты басталды. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тізгінін ұстаған генералға билікті басып алмақ болды деген айып тағылып отыр. Ал бүкіл халықтың назарын аударған атышулы істі Бішкектегі Бірінші мамыр аудандық соты қарауға алды. Бұған дейін лауазымды тұлғаның адвокаты Ташиевке елдің конституциялық құрылымын өзгертпек болды, лауазымын асыра пайдаланды деген айыптар тағылғанын айтқан еді. Айта кету керек, Алатаудың арғы бетінде саяси элитада жаппай тазарту жүріп жатқан сыңайлы. Бұған дейін айыр қалпақты ағайынның экс-бас прокуроры Курманкул Зулушев пен Парламенттің бұрынғы спикері Нурланбек Турганбекуулу да қамауға алынды. Олардың да бұл іске қатысы бар. Бірақ қандай күдікпен абақтыға жабылғаны белгісіз.

← Барлық жаңалықтар