Ақтөбенің дәмі қане десе, ең бірінші ойға тары түседі. Өйткені ол — Ақтөбенің бренді. Тарыдан жасалған түрлі дәмді ол жақтағы кез келген үйдің дастарханынан табуға болады. Ал мұның бәрі әйгілі дихан Шығанақ Берсиевтің рекордынан басталған еді. Ол әр гектарынан 201 центнер дән алған. Сол ақ тары Ақтөбеде сақталды ма?
Ақтөбенің Ойылынан шыққан қарапайым ауыл шаруасының еңбекқорлығы мен табандылығы бүкіл Одаққа таралды. Шығанақтың ақ тарысы бүгінде Ақтөбенің бренд дәміне айналды. Кәсіпкерлер тары-талқаннан небір түрлі дәм әзірлеп, нарыққа шығарды. Бірақ біздің жеп жүргеніміз Шығанақтың сол ақ тарысы емес екен. Оны ешкім сақтап қала алмапты.
НҰРБОЛАТ ҚҰЛШАРОВ, Ш. БЕРСИЕВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ЖОҒАРЫ АГРАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:
Ойылдың бір азаматы хабарласты. Әжесінің сақтап қойған, газетке ораған 25 дәні сандықтың түбінен шығып, соны немересіне беріпті. Бір сабағынан мыңға дейін алыпты. Мен осындағы егін шаруашылығымен айналысатын Владимир Цыганковқа алып барғанмын. Сол кезде дәнге қарап, «Ойылдың ақ тарысы деп аталады, бірақ бұл оған жатпайды, оның түсі бөлек», деді.
Ақ тарыны сақтап қала алмаған соң, ақтөбелік селекционер-ғалымдар 2006 жылы «Шығанақ Берсиев» деп аталатын жаңа сорт шығарды. Одан бөлек, «Яркая-6» деген сұрпы да бар.
МҰХАМБЕТҚАЛИ ЕШМҰХАН, Ш. БЕРСИЕВТІҢ НЕМЕРЕСІ:
Суармалы тары – Шығанақтың айналысқаны. Оған су жіберу керек. Су жіберген жерде екібастан арамшөп көп шығады. Сонда арамшөппен арпалысу керек, содан кейін ору керек. Осының бәрі көп шаруа. Сондықтан суарылмай-ақ далаға егетін қызыл тарыны қолданып кетті.
Ақтөбедегі жоғары аграрлық-техникалық колледж биыл алғаш рет тары өсіру алқабын ашты. Онда болашақ агрономдарға әйгілі шаруаның қызыл тарысын қалай күтіп-баптау керектігі үйретіледі.
АҚНҰР ҚАРШЫҒАЕВА, СТУДЕНТ:
Биыл осы Шығанақ Берсиев атамыздың құрметіне тары егу алаңы ашылып жатыр. Осында егу процестерін, методикасын үйреніп жатырмыз. Алдағы уақытта осы алаңда практикадан өтеміз деп ойлаймын.
Шығанақтың туған жері Ойылда келдекке барып, тары қуыруды білмейтін келіншек те кемде-кем. Оны дұрыс теріп, қуырып, түюдің де өз құпиясы бар. Тек Ойылдың өзінде тарыдан 14 түрлі дәм дайындайды. Ел білмейтін мәзірлердің авторы да – ауылдағы апалар.