Мазмұнға өту
· 22 қаралым

Астанада 12 мемлекеттің шабандозы сынға түсіп жатыр

Бүгін Арқаның алқа қонған даласында дүбірлі дода басталды. 12 мемлекеттің шабандозы әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салып жатыр. Сымдай тартылған сәйгүліктер ат спортының олимпиадалық түрлері – конкур мен дрессажда сынға түсті. 52 спортшы бақ сынаған сайыста қазақстандық спортшылар әп дегеннен алдына қара салмады. Халықаралық ат спорты федерациясының ірі халықаралық жарысында жерлесіміз, Prestige Horse клубының шабандозы Олег Соколенко алтыннан алқа тағынды. Оның Синдерелла атты тұлпары тұяғымен жер тарпып, кедергіден құстай қалықтап, қалың жанкүйердің қошеметіне бөленді.

ОЛЕГ СОКОЛЕНКО, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОНКУР ШАБАНДОЗЫ:

Әрине, басты мақсат — әлем чемпионатына квалификация алу. Сонымен қатар келесі жылы Швецияда өтетін әлем кубогына жолдаманы ұту. Біздің қарсыластарымыздың барлығы мықты. Өзбекстан мен Қырғызстан спортшылары лайықты бәсекелестік танытып жатыр.

Сондай-ақ Бразилия, Колумбия, Эквадор, Жаңа Зеландия сияқты елдерден ең мықты шабандоздар келген. Олар бір мезетте үш бірдей халықаралық турнирде бақ сынайды. Жалпы, бас қаладағы турнир 3 күнге жалғаспақ. Ертең жарысқа қатысушылар 145 сантиметрлік межені еңсеру үшін барын салады. Топжарғандар Германияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.

ЭМИЛИАНА ЛОНДОНЬО, КОЛУМБИЯЛЫҚ КОНКУР ШАБАНДОЗЫ:

Мен 17 жастамын. Мен бұл жерге анаммен келдім. Ол менің 5 жасымнан бері осы спортпен айналысуыма мүмкіндік сыйлады. Маған Қазақстан өте қатты ұнады. Ұйымдастыру жұмыстары өте жоғары деңгейде. Қазақ жерінен жеңіспен ораламын деген сенімдемін.

← Барлық жаңалықтар