Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Қалайша қиямыз, ұшырса ұямыз…

Қалайша қиямыз, ұшырса ұямыз. Студенттердің қоштасу әнімен жан-жаққа қанат қаққан түлектер өздері білім алған оқу ордасына жиналды. Еліміздің әр өңірінен жиналған Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің мыңнан аса түлегі алтын ұясына тағылымды тарту жасады. Бірнеше жаңартылған дәріс залдарының тұсауы кесіліп, академик Хабиболла Оспановтың шәкірттері химия пәніне арналған заманауи аудитория ашылуына ұйытқы болыпты. Бұл – өз өмірін ғылымға арнаған ұстазымыздың алдындағы парызымыз дейді.

АЛТЫНБЕК НУХҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ол кісі өте көп шәкірт дайындады. 54 шәкіртінің 48-і ғылым кандидаты және 6 ғылым докторы болған. Қаншама жаңалықтар ашты. 1200 ғылыми жұмысының 23-і тек қана өндіріске енген. Сондықтан да өз еңбегінің ақталғаны сол, мына шәкірттерінің, жалпы химия қауымының ол кісінің алдындағы парызымызды осындай істермен орындап жатыр.

Бұл күні университетті бітіргеніне 5 жылдан бастап, 60 жылға дейінгі түлектер жиналды. Олардың арасында Парламент депутаттары, ғалымдар, түрлі лауазымды қызметте жүрген тұлғалар, бизнес өкілдері бар. Студенттік шақты еске алған түлектер қазіргі білім алып жатқан жастарға ақыл-кеңестерін де айтты. Іргелі оқу орнынан білім алғандар университеттің бүгінгі жетістіктерін де көрді.

МАРҒҰЛАН ИБРАИМОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ПРОРЕКТОРЫ:

Біздің түлектер, білесіздер, өзі жан-жақты. 80 пайыздан жоғарысы жұмыс орнымен қамтылады. Атақты түлектер біршама, кейінгі ұрпаққа ізет жол көрсетіп отыр. Енді ары қарай да жалғасады деген үміттеміз. Осындай түлектерді жинап, бізде Түлектер ассоциациясы бар, кейінгі ұрпаққа жағдай жасап жатыр.

← Барлық жаңалықтар