Алматыда Орталық Азиядағы алғашқы Ми институты өз жұмысын бастады. Жаңа орталық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылымдық бөлімшесі ретінде ашылды. Институт нейроғылым саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған бірегей ғылыми орталық болмақ. Мұнда нейропсихиатриялық және нейродегенеративті ауруларды ерте диагностикалау, ми ісіктері мен депрессиялық жағдайларды зерттеу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Орталық заманауи зертханалық кешендермен жабдықталған. Ішінде МРТ мүмкіндіктерін пайдаланатын арнайы кабинеттер бар.
ЖАНАР ИБРАЕВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ҚАЗҰУ ДОЦЕНТІ:
Ми – адамның денсаулығына, тіл меңгеруіне, сөйлеу қабілетіне және түрлі зақымдану процестеріне тікелей байланысты маңызды орган. Осы Ми институтында ҚазҰУ ғалымдары бірлесіп, қазіргі кезеңдегі өзекті ғылыми жобаларды жүзеге асыратын болады.
Мамандардың пікірінше, ғалымдар ғарышты зерттеп, атомды бөлудің жолдарын тапқанымен, адам миының қалай жұмыс істейтінін әлі толық түсіне қойған жоқ. Сондықтан жаңа институт осы бағыттағы көптеген сұрақтарға жауап іздейтін маңызды ғылыми алаңға айналмақ.
АЛЬМИРА ҚҰСТҰБАЕВА, МИ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біз көптеген ғылыми жетістіктерге жеткенімізбен, сананың нақты табиғатын әлі күнге дейін толық түсінген жоқпыз. Адам мінез-құлқының түпкі негіздері де толық зерттелмеген. Бұл салада ашылмаған құпиялар өте көп. Сондықтан жастарымыздың ми қызметінің күрделі механизмдерін зерттеп, жаңа ғылыми жаңалықтарға жол ашатынына сенеміз.