Мазмұнға өту
· 17 қаралым

Ғылыммен айналысатындардың 50 пайызы жастар

Ғылымға қызығатын оқушылар Алматыда бас қосты. Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай, «Жасанды интеллект дәуірі» атты екінші жас зерттеушілер форумы өтті. Оған еліміздің әр қиырынан келген 400-ге жуық оқушы қатысты. Шара ғылымға, зерттеу және инновациялық қызметке қызығатын мектеп оқушыларын бір алаңға біріктірді. Олар өздерінің ғылыми жобаларын таныстырып, заманауи технологиялар негізінде әзірленген бастамаларымен бөлісті. Форумның мақсаты – жасөспірімдер арасында ғылыми ойлауды дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау және дарынды жастарды ғылымға баулу.

ҚЫМБАТ БАУЫРЖАНОВА, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ:

Қазіргі таңда ауылдық жерлерде бірқатар мәселе бар. Атап айтқанда, қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігі, су ресурстарын тиімсіз пайдалану және автоматтандыру деңгейінің төмендігі. Осы мәселелерді шешу мақсатында телебот пен жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, “Ақылды ауыл” жобасын әзірледік.

Ғалымдардың айтуынша, бүгінде жасанды интеллект технологиялары қоғам өмірінің барлық саласына етене еніп келеді. Сондықтан оқушыларды мектеп қабырғасынан бастап заманауи технологияларды саналы әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйретудің маңызы зор.

АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біріншіден, жастар арасында ғылымды кеңінен насихаттауымыз керек. Екіншіден, дарынды жастарды ерте анықтап, оларға жан-жақты қолдау көрсету маңызды. Үшіншіден, сол талантты жастарды үлкен ғылымға бағыттап, ғылыми ортаға тартуымыз қажет.

← Барлық жаңалықтар