Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Бастықты орнына қоятын заң

Елімізде тек саяси жүйе ғана жаңарып қоймай, еңбек нарығы да түбегейлі жаңғырады. Маусым айында елімізде жұмысшылардың құқығын қатаң қорғауға бағытталған ауқымды заң күшіне енді. Президент бұған дейін қол қойған жаңа түзетулер топтамасы жұмыс берушілер үшін «ойын ережесін» өзгертпек. ГПХ үшін айыппұл, скринингке арналған демалыс және соңғы жұмыс күнін айқындау мәселелері – жаңа жобадағы тың өзгерістер. Бұл тек жұмыс ұсынған тарапқа емес, еңбекке тартылған азаматтардың да жауапкершілігін күшейтеді. Бастық пен бағыныштының арасындағы қатынас енді қалай реттеледі?

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Бұдан былай 14 жасқа дейінгі баласы бар жалғызбасты немесе ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарды жұмыстан себепсіз шығаруға тыйым салынады. Президент Еңбек кодексіндегі осы және өзге де бірқатар өзгерісті мақұлдады. Енді жұмыс берушілер «штат қысқарды» немесе «ақша жоқ» деген сылтаумен әлеуметтік осал топтағы қызметкерді далаға тастай алмайды. Бұл – тікелей заң бұзу болып саналады.

Елордалық Фариза Сейсенбайдың отбасы мұндай әділетсіздікпен осыған дейін бетпе-бет келген. Айтуынша, күйеуін басшылық еш себепсіз, дәл жалақы алар алдында жұмыстан қуып жіберіпті. Екі бірдей ерекше баланы тәрбиелеп отырған жас отбасы үшін бұл ауыр соққы болған. Сондықтан олар жаңа заңның қабылданғанына қуанып отыр.

ФАРИЗА СЕЙСЕНБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жолдасымды аяқ астынан, еш себепсіз жұмыстан шығарып жіберді. Оның орнына басқа адамды алғылары келген сияқты. Тіпті өзінің адал еңбегімен тапқан ақысын, бонусын да ала алмады. Енді қабылданып жатқан заңға разымыз. Өйткені ол біз сияқты отбасыларға тұрақтылық пен кепілдік береді.

Иә, енді заң күшіне енген соң мұндай жағдайда басшылық жауапкершіліктен жалтара алмайды. Түрлі сылтаумен еңбек шартын біржақты бұзуға жол берілмейді.

АРМАН КЕНЖЕҚҰЛОВ, ЗАҢГЕР:

Жұмыс берушінің бастамасымен шығаруға болмайды деген сөз – мысалы, «штат қысқарды», «жұмыс көлемі азайды» немесе «біліктілігің сай келмейді» деген сияқты баптарға сүйеніп, бұл санаттағы кісілерді енді қызметтен босата алмайды.

Алайда заң қорғайды екен деп, жұмысқа салғырт қарауға да болмайды. Егер қызметкер ішкі тәртіпті бұзып, өз міндетін орындамаса, жұмыс беруші онымен қоштасуға толық құқылы.

БИБІГҮЛ АҒЫБАЕВА, ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Егер бұл санаттағы жұмыскерлер еңбек тәртібіне бағынбай, өз міндеттерін уақытылы әрі дұрыс орындамаса, жұмыс беруші келісімшартты үзе алады. Яғни бұл заң «кез келген ережені бұзып, жұмыс істемей жүре беруге болады» деген сөз емес. Кодекстің 52-бабында еңбек шартын бұзудың 23 түрлі негізі көрсетілген.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Жаңа заң аясында азаматтық-құқықтық сипаттағы, яғни ГПХ келісімшарттарын пайдалануға қатаң шектеу қойылды. Басшылық мұны негізге алып қызметкерді міндетті төлемдерден қаға алмайды. Бұдан былай жұмысқа қабылдау тек еңбек шарты арқылы жүзеге асуы тиіс. Осылайша, әрбір жұмысшының ақылы еңбек демалысына және әлеуметтік-медициналық сақтандыруға қол жеткізу құқығы толық қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, барлық келісімшарт міндетті түрде Enbek.kz базасына тіркелуі шарт. Оны орындамаған басшылық әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Заңгерлердің айтуынша, қазір кейбір компаниялар салық пен зейнетақы аударымдарын төлемеу үшін ғана ГПХ шартын тиімді құралға айналдырған. Қағаз жүзінде ГПХ болғанымен, іс жүзінде адамды кеңсеге байлап қояды.

АРМАН КЕНЖЕҚҰЛОВ, ЗАҢГЕР:

ГПХ-ның өзін дұрыс пайдаланбайды. Атын ғана ГПХ деп қояды да, жұмыскерді кәдімгі еңбек шартының кестесімен таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін отырғызып қояды. Кешіксе – айыппұл салады. Бірақ зейнетақысын да, демалыс ақысын да, басқасын да төлемейді.

Осындай олқылықтарды жою үшін енді талап күшейді. Дегенмен, салықтан қашқандар қызметкерге жалақыны қолма-қол беріп, көлеңкелі схемаға көшуі мүмкін. Сарапшылар мұндай келісімге бару-бармау – әр азаматтың өз таңдауы дейді.

БИБІГҮЛ АҒЫБАЕВА, ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Қазірдің өзінде мұндай фактілер бар. Осындай келісімге келіп жатса, ол адамның өз еркі. Дегенмен, көлеңкелі қатынастардан шығып, ресми тіркелген жұмыскер ғана заңдағы барлық әлеуметтік кепілдіктерді толық пайдалана алады.

Статистикаға сүйенсек, биылдың өзінде еңбек инспекциясына 22 мыңға жуық шағым түскен. Оның 80 пайызы – жалақы мен келісімшарттың бұзылуына қатысты. Сонымен қатар, жұмыс орнында қызметкердің ар-намысына тиіп, қысым көрсету фактілері де аз емес. Енді жаңа заң аясында жұмысшының қадір-қасиетін қорғайтын арнайы нормалар енгізілді.

ЕРБОЛАТ ӘБІЛХАТИН, ЕХӘҚМ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Кеше қол қойылған нормаларда әрбір жұмысшының еңбек саласындағы ар-намысын қорғауға қатысты, техникалық еңбек инспекторының жұмыстарын реттеу, еңбек қауіпсіздігіне байланысты, сонымен қатар әрбір жұмыс беруші жұмыс жағдайы өзгерген жағдайда тек ескерту жасайтын еді, қазіргі таңда жазбаша түрде ескерту мәселелері сияқты нормалар кіріп жатыр.

Түйіндей келгенде, кодекске енген бұл түзетулер жұмыс берушілердің жауапкершілігін еселеп, қарапайым еңбек адамының құқығын қорғауға бағытталып отыр. Заң талабы қатайғандықтан, енді басшылық қарамағындағы қызметкерді негізсіз қызметтен босату немесе құқығын таптау алдында екі рет ойлануына тура келеді.

← Барлық жаңалықтар