Еліміздің туристік әлеуеті соңғы жылдары әлденіп келе жатыр. Шетелден қонақтар келсе, ұялмай көрсететін алып тауларымыз, жасыл бауларымыз бен көрер көзді тойдыратын өзен-көлдеріміз жетеді. Маңғаз Маңғыстаудағы тылсыммен баураған Бозжыраның өзі бір төбе. Кезінде теңіздің табаны болған аумақты аралауға алыс-жақын елдерден ат арылтып келетіндердің қарасы артқан. Шатқалдың пейзажын Марсқа теңеген саяхатшылар ен даланың төсінде еркін көсілсе де, «қысылып» қайтып жатыр. Өйткені әлем біле бастаған туристік орында әжетхана жоқ. Небір мейман келетін жердегі нюанс, әлбетте, инфрақұрылымның әлі де артта қалып келе жатқанының дәлелі.
РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:
Көкке ұмтылған алып шыңдар мен тылсым табиғаттың ғажап көрінісі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жер миллиондаған жыл бұрын мұхит түбі болған. Біз Маңғаз Маңғыстаудағы ең танымал туристік орын – Бозжыра шатқалындамыз.
Бозжыра – Маңғыстаудың ғана емес, тұтас еліміздің туристік бойтұмары. Тарих пен табиғаттың бұл ғажайып туындысы бүгінде жаһан саяхатшыларының көзайымына айналды. Жыл сайын мұндағы тылсым сұлулықты көру үшін мыңдаған адам аптап ыстыққа қарамастан, маң даланы бетке алады. Еліміздің мақтанышына айналған мекенді тамашалауға келгендер түйгенімен бөлісті.
ТҮЙМЕШ ҚАНАТОВА, ТУРИСТ:
Күшті әсерде қалдық. Біздің Қазақстанымызда осындай әдемі жерлердің бар екенін енді көріп, енді сезініп жатырмыз. Осы әдемі таулы жерге шетелден туристер келіп жатыр, сол үшін біз тазалықты сақтауымыз керек.
БУРАК, ГЕРМАНИЯДАН КЕЛГЕН ТУРИСТ:
Мен Германияда тұрамын. Бірақ Түркия азаматымын. Әке-шешем әлі күнге дейін сонда. Біз достарымызбен Қазақстанға саяхаттап келдік. Ең бірінші аялдамамыз осы Бозжыра шатқалы болды. Бозжыраның сұлулығына ерекше тәнті болдық. Құдды бір Марста жүргендейміз.
МАТИА, СЛОВЕНИЯДАН КЕЛГЕН ТУРИСТ:
Мен бұл саяхатты ұзақ күттім. Бозжыра мен ойлағаннан да әдемі екен. Біздің елде дәл мұндай ғажайып шатқал жоқ. Сол себепті бұл сұлулықты көру біз үшін үлкен мәртебе.
Миллиондаған жылдық тарихы бар шатқалды күтіп ұстау – басты назарда. Осы тұста Бозжыраға келген саяхатшылардың қауіпсіздігі мен туристік орындағы тәртіпті инспекторлар жіті бақылауға алған. Өйткені жабайы туризмнің табиғатқа тигізер зардабы орасан.
НАУРЫЗБЕК БИСЕНҒАЗИЕВ, ҚЫЗЫЛСАЙ ПАРКІНІҢ БАСШЫСЫ:
Туристердің келу саны 7 мыңнан асады Бозжыра шатқалына. Қазірдің өзінде екі мыңнан аса турист келді. Жылдан жылға туризм Маңғыстауда дамып келе жатыр. Инспекторлар шетелдіктерге де, өзімізден келген туристерге де бағыт-бағдар, қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, жол көрсетіп отырады.
РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:
Жергілікті тур компания шетелдіктерге нағыз қазақы саяхат ұйымдастырып жатыр. Оның бір дәлелі ретінде дәл қазір Бозжырада ауа температурасы +35-ті көрсетіп тұр. Гидтер шетелдік туристерге ыстық қазақтың шайын беріп жатыр екен. Бізге де шай ұсынып жатыр. Біз сізбен аз-маз сұхбат құрсақ. Есіміңіз кім? Бұл салаға келгеніңізге қанша уақыт болды? Туристер қазақтың шайын қалай қабылдап жатыр? Менің атым Жазира. Бұл менің екінші күнім туристермен бірге турға шығып жатқаныма. Тур шетелдіктерге қатты ұнайды. Ерекше, Марсқа ұқсайды дегендіктен Бозжыраны өте қатты жақсы көреді. Ыстық шайды жақсы көреді. Біздікіндей сүтпен шайды жақсы көреді.
Хош, шетелдік туристерді табиғатпен таңғалдырып, сүт қатқан ыстық шаймен баптап-ақ жатырмыз. Айтар ауыздың айыбы жоқ, бірақ шайға тойған саяхатшылар ақыр соңында әжетхана іздеп дал болады. Себебі Бозжыраның өзі тұрмақ, айналасында атымен жоқ. Халықаралық деңгейдегі брендке айналған орынның инфрақұрылымы әлі де ақсап тұрғаны – ащы да болса шындық.
Бірер ай бұрын Бозжыра маңында заманауи визит орталығы ашылады дегенді естіген едік. Ел мақтаған сол нысанды өз көзімізбен көрдік. Жылына мыңдаған турист ағылатын шатқалдағы бұл ғимарат бір мезетте небәрі 50 адамды қабылдай алады екен. Ең қызығы, мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс бұл мәселені жергілікті кәсіпкер өз қаражатына салып, туристерге жағдай жасауға тырысқан.
АБЫЛАЙХАН ЖАЙЫЛХАНОВ, БОЗЖЫРА ВИЗИТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ БАСШЫСЫ:
Бізде қолдау қазір болған жоқ. Алдағы уақытта қолдауды жергілікті атқарушы органның туристік сервистік агенттерге беретін субсидиясын алуды жоспарлап отырмыз. Ол жоба толықтай іске қосылғаннан кейін, барлық құжаттар дайын болған соң, тиісті органға құжаттарды тапсырып, субсидия алатын боламыз.
Бозжыраға келгендерді күтіп алып, ас-суын әзірлеп, жағдай жасаймыз деп отырған орталық басшысы кеткен шығынды субсидиямен толтырудан үмітті. Ал жауапты министрлік кәсіпкердің бұл қалауы қалай жүзеге асатынын заң аясында түсіндірді.
НҰРБОЛ БАЙЖАНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Биылғы жылдан бастап бұл қолдау шарасы әкімдікке өтті. Тиісті бұйрық жобалары келісу сатысында. Бұл заң наурыз айында қабылданған болатын. Одан әрі жергілікті бюджеттен қаржыландырады. Осы визит орталықтар коммерциялық орталықтар болғандықтан олардың санын көбейту үшін 10 пайыз шығынын өтеу бойынша түзетулер қарастырылды.
Министрлік туризмге жағдай жасағандарға ендігі жерде әкімдік қолдау көрсететінін ашық айтты. Өз кезегінде өңірдегі жауапты басқарма да жазғы маусымға дайындықты бастап, инфрақұрылым мен абаттандыру жұмыстарын қолға алғандарын жеткізді.
НҰРСҰЛТАН СЕРІКҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Өңірімізге 500 мыңнан аса турист келеді деп күтудеміз. Оның 50 мыңға жуығы шетелдік деп жоспарлануда. Жазғы маусымға дайындық басталып кетті. Қазіргі таңда әртүрлі абаттандыру жұмыстары және белгі қою барлық жұмыстар жүріп жатыр. Сол себепті біз туризм саласының дамуына барынша үлес қосып және жаңа туристердің келуіне асыға күтеміз.
Алайда сарапшылар тек субсидия мен белгі қоюмен мәселе шешілмейтінін айтады. Нағыз халықаралық деңгейдегі эко-туризмді қалыптастыру үшін кешенді логистика мен қатаң экологиялық бақылау қажет.
АЛМАС МАРАТҰЛЫ, САРАПШЫ:
Туризм субсидиямен ұзақ уақыт өмір сүре алмайды. Оған бәрібір инфрақұрылым қажет. Өйткені ең бастысы кәсіпкер демалыс орнын салатын болса, қонақ үй салатын болса, оған бәрібір инфрақұрылым қажет. Өйткені ол жақта жол болуы керек. Кәріз жүйелері тартылуы керек және ең бастысы жарық болуы керек.
Бозжыра – жай ғана борлы шыңдар емес, ол – бабалар тарихының куәсі, ұлттық брендіміздің алтын діңгегі. Осы бір ғажайып мекен арқылы қазақ жерінің атын әлемге танытуға мүмкіндік зор. Бірақ қонақжайлылық шай ұсынумен шектелмейді. Егер Бозжыраның тұмса табиғатын аман сақтап, туристердің ағынын тоқтатпаймыз десек, инфрақұрылым мен мәдениетті тең дамытуымыз керек. Табиғаттың теңдессіз сыйын келер ұрпаққа аман жеткізу – ортақ парыз.