Мазмұнға өту
· 7 қаралым

«AMANAT» «Әділетке» қосылды

Еліміздің саяси сахнасында жаңалық. Бірнеше жылдар бойы билік алаңында жүрген «Amanat» тұсауын енді кескен «Әділет» партиясына қосылды. Бүгін Астанада депутаттардың басын қосқан съезд өтті. Жаңа ұйым қалай аталатын болды? Құрамына қанша депутат кіреді? Көп күтпеген саяси шешімнің жай-жапсарын әріптесім баяндасын.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Халық аманатын арқалаған партия енді жаңа саяси құрылыммен бірге әділеттілік орнатуға күш салады. Астана қаласында өткен «Amanat» партиясының съезіне жиналғандар «Әділет» партиясына қосылу бастамасына қолдау білдірді. Осылайша мемлекет мүддесі жолындағы ортақ ұстанымдар аясында ұйысуға дайын екендіктерін жеткізді.

1999 жылы «Отан» республикалық саяси партиясы атауымен құрылған бірлестік тарихында бірнеше рет ребрендингті бастан өткерді. 2006 жылы «Асармен» біріккен соң атауы «Нұр Отан» ХДП болып өзгертілді. Уақыт өте келе жай ғана «Нұр Отан» партиясы деп қысқарды. Ал 2022 жылы атауы түбегейлі жаңарып, «Amanat» партиясы болып бекітілген еді. Енді міне, ширек ғасырдан аса уақыт билікпен біте қайнасқан саяси құрылымның жаңа парағы ашылғалы тұр. Бұл ұсынысты партия төрағасы Ерлан Қошанов қоштап, делегаттар бір ауыздан қолдады.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекетшіл күштердің барлығының жұдырықтай жұмылғанын қалаймыз. Президент бір тудың астында бірігу туралы айтқанының өзінің символикалық мәні бар деп ойлаймын. Сол үндеуді қабыл алып, сонымен қатар жаңадан құрылған «Әділет» партиясы бар, басқа да саяси күштер бар, барлығымыздың идеологиямыз да, құндылықтарымыз да, идеяларымыз да бар. Тіпті біздің платформамыз да бірдей, дауыс беретін электораттарымыз да бір. Итерісіп жүрмей, иық тіресіп жұмыс істейік деп осындай шешімге келдік.

Партия осы уақытқа дейін тек саяси мінберде ғана емес, елдің әлеуметтік мәселесін көтерген нақты жобаларымен де танылды. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тұрғындарға 2,5 пайызбен несие беріліп, ауылдағы ағайынның өз кәсібін дөңгелетуіне жол ашылды. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы мыңдаған азаматтың қаржылық сауатын арттырып, несие қамытынан құтылудың тиімді тетігіне айналды. Мұнымен қоса, «Жер аманаты» арқылы миллиондаған гектар жайылым халыққа қайтарылып, «Кедергісіз келешек» сияқты жобалар аясында әлеуметтік қолдау шаралары үздіксіз жүргізілді. Депутаттар саяси ұйым қоғам алдындағы міндетін абыроймен орындады деп санайды.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Саяси қоқысқа тасталды» деген тіркестермен, мұндай уәждермен мен келісе қоймаймын. Бұл саяси ұйым өзінің тарихи миссиясын орындады. Және бұл партияның мүшелері де елдің, халықтың мүддесін қорғау тұрғысында екі партия біріге отырып, бұдан әрі де ауқымды бағытта жалғастырады деген үміттеміз. Біз соған күш саламыз.

Жұдырықтай жұмылғандарды жау да, дау да ала алмайды. Бүгінгі съезд ортақ мақсат пен мемлекет болашағы жолында саяси күштердің шоғырлана алатынын көрсетті. «Amanat»-тың арқалаған жүгі де, ел алдындағы жауапкершілігі енді жаңа партиямен бірге өрілмек. Ал қос саяси құрылым біріккеннен кейін атауы қандай болатыны «Әділет» партиясының алдағы съезінде белгілі болады.

← Барлық жаңалықтар