Аттракцион қызметкерлері 21 жастағы қызды 40 метр биіктен лақтырып жіберді. Жерге оңбай құлап, тіл тартпай кеткен бойжеткенді екі жігіт көтеріп тұрып, көпірден тастай салған. Негізі бұл аяққа жіп байлап, төмен қарай секіретін тарзанка атты әткеншек еді. Алайда, керек-жарақтың бәрін байлаған инструкторлар дәл сол негізгі сақтандыру арқанын ұмытып кеткен көрінеді. Куәгерлер «трос, трос» деп айқайлағанымен, бәрі де кеш болды. Бір қызығы, ажал құшқан ару соның аз-ақ алдында әлеуметтік желіге өз өлімін өзі болжағандай пост салған екен. «Маған мына жерден секіруге рұқсат берген есуас кім?» деп жазба қалдырыпты.
Қос тарап келісімге келді. АҚШ
Төрт айға жуық уақытқа созылған қырғи-қабақ соғыс ақыры аяқталуы мүмкін. АҚШ пен Иран қанша бір-бірін атарға оғы болмаса да, бір келісімге келген сыңайлы. Бұл туралы кикілжіңге арағайындық жасап жүрген Пәкістан билігі мәлім етті. Ал Дональд Трамптың мәмілеге қол жеткізуіне көңіл күйінің жақсы болуы да өз әсерін тигізген сыңайлы. Себебі, қазір Америка футболдан әлем кубогын өткізіп жатыр. Барлығы Ақ үй басшысының жоспарына сәйкес. Болжам бойынша, екі ел бітімгерлік келісіміне Женева қаласында қол қоюы мүмкін. Ал жалпы ауқымды құжат 14 бөлімнен тұрады. Оның ішінде Тегеран өзіне қолайлы барлық тұстарды қамтып үлгерген сыңайлы. Мәселен, енді АҚШ Иранның мұнайына салынған санкцияларды толығымен алуы тиіс. Сондай-ақ, Ормуз бұғазы штаттық режимде жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Ислам Республикасының бұғатталып қалған 24 млрд долларлық активтері қайтарылуы мүмкін. Ал Америка билігі Иранды қалпына келтіру үшін 300 млрд доллар қаржы құюға міндеттеледі. Демек, парсылықтар толығымен жағдайды бақылауға алды деген сөз.
Төнген қауіп ауқымды. Филиппин аралдары
Филиппин аралдарындағы жойқын жер сілкінісі өзінің ізін қалдырмай қоймады. Сейсмологтар алдағы уақытта Оңтүстік-шығыс Азия аймағында бұдан да ауқымды тербелістер қайталануы мүмкін деп болжам жасады. Себебі, зілзала бірнеше ірі теңіздің түбін екі метрге дейін көтеріп жіберген. Ал магнитудасы 7,8-ге тең апат жолындағының біразын қиратып үлгерді. Тіпті, Филиппин аралдарының жағажай сызығы 200 метрге дейін ұлғайды. Сондай-ақ, коралл рифтері де судан шығып қалған. Минданао аралын табиғи апаттан соң тексеріп шыққан мамандар бірқатар жаға ұстатарлық деректерді анықтады. Мысалы, жер сілкінісінен балықтар мен су жәндіктері жағаға шығып қалған екен. Жергілікті тұрғындар елді мекендерді тазартуға кірісті. Айта кету керек, Филиппиндегі жойқын апаттан 60-тан астам адам опат болып, тағы 40 тұрғын із-түссіз жоғалып кетті.
Эвересттегі рекорд. Непал
Әлемдегі ең биік нүктеде тіркелген рекорд. Альпинистерге көмектесіп, тау-тасты кезіп жүретін шерпа ұлтының екі өкілі бұған дейін ешбір адам қайталай алмаған жетістікке жетті. Әкесі мен баласы бір көктемгі маусымда Эверестті екі рет бағындырып, Непал тарихына өз аттарын алтын әріппен жазды. Олар алып шыңға бас-аяғы 5 күн 21 сағатта екі рет шығып, түскен. Сөйтсек, шерпа ұлтының өкілдері маусым қызған шақта клиенттер шықса, Гималайға өрмелей береді екен. Ал әкесі мен ұлы биылдың өзінде жүзге жуық туристке Эверестті бағындыруға жәрдемдескен көрінеді. Айта кету керек, Непалдағы шерпа ұлты Гималайдағы ең негізгі шыңдарға шығуға көмектесетін гид маман ретінде қызмет атқарады. Олар көздерін ашқалы Гималайды көретіндіктен, тау-тасты жаттап алған. Осы уақытқа дейін дәл осы шерпалықтар сияқты көмекші мамандығын ешкім игере алмай келеді.