Қазақ балалар әдебиеті тағы бір құнды туындымен толықты. Журналист әрі жазушы Азамат Әбілқайырдың жаңа кітабы оқырманға жол тартты. Автор жинаққа әр жылдары үздік деп танылған 12 таңдаулы әңгімесін енгізіпті. Күнделікті өмірде балалардың ажырамас серігіне айналған самокат, скутер, велосипед, ұялы телефонға жеке-жеке кейіпкер ретінде жан бітірген. Туындыда отансүйгіштік, отбасы құндылықтары, табиғатқа жанашырлық сияқты қасиеттер солардың іс-әрекетімен әдемі өріледі. Жас оқырманды адалдық пен еңбекқорлыққа үндейді. Бұл қаламгердің алғашқы жинағы емес. Мәселен, ол бұған дейін еліміздегі белгілі спортшылар туралы 5 кітаптан тұратын тұңғыш «Қазақ комиксін» шығарған болатын.
АЗАМАТ ӘБІЛҚАЙЫР, ЖАЗУШЫ:
Бізде мемлекеттің дүниесін, үйдің қандай да бір құралдарын сындырып кетеді, біздікі емес деген секілді түсінік бар. Соның барлығын жеткізуге тырыстық. Бұл жерде ешкім балаға ақыл айтпайды, ешкім баланы кемсітпейді. Керісінше, заттар, кейіпкерлер, велосипед, самокат, скутер, кітаптар, смартфондар өзара әңгімелесе отырып, ойын жеткізеді.