Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Әркімнің өз Ақтөбесі бар

Бүгін Ақтөбе қаласы ашық аспан астындағы шеберханаға айналғандай. Жасы бар, жасамысы бар, қолына қылқалам ұстаған суретшілер Art Summer Aqtobe байқауына жиналды. Бір мезетте бір жерде, бәріне таныс орында жиналды демесең, олардың қаламынан туған туындыларына қарап, әрқайсысының өз Ақтөбесі бар екеніне куә болдық.

Суретші-дизайнер Еленаға Ақтөбенің әр көшесі, қалтарыс-бұлтарысы таныс. Бірақ өзі туып-өскен «Тұрғындар қалашығы» ауданы бәрінен ыстық дейді. Ол бүгінгі байқауда өзі тұрған ауданның кішкентай көшесін емес, тұтас сол дәуірді бейнеледі. Еленаның қылқаламынан шыққан дүние бізді де 70-ші жылдардағы «Тұрғындар қалашығына» жетектеп барғандай күй кештірді.

ЕЛЕНА ИГНАТОВА, СУРЕТШІ-ДИЗАЙНЕР:

Мен бүгін өзімнің «Тұрғындар қалашығы» ауданындағы үйлердің суретін салғым келді. Ностальгия шығар, бәлкім. Ол аудан тұнып тұрған тарих қой. Ондағы әрбір үйден сол кездегі Ақтөбенің қалай қалыптасқанын сезінуге болады.

Мәдина – Ақтөбенің тәуелсіздік жылдарындағы өрені. Туған өлкеңнің кереметтерін бейнеле десе, табиғаты әсем жерлерді әп-сәтте қағаз бетіне түсіруге әзір. Көп ойланбастан аппақ қағазға акварелін сүйкеп, дәл осы сәттегі Есет батыр көшесін салып шықты.

МӘДИНА СҮНДЕТОВА, СУРЕТШІ, КӨРКЕМСУРЕТ ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Туған қаланың көріністері шабыт береді. Вольчий водопадты салғанбыз, негізі конкурсқа қатысқанда. Сол жер маған қатты ұнады. Осындай көріністер бар екенін Ақтөбеде бұрын өзім де білмеппін.

12 жастағы суретші Әминаның өз Ақтөбесін қалай суреттегені бізге де қызық болды. Ойын баласы үшін ең әдемі қала – бақытты, алаңсыз балалық шағы өтіп жатқан Ақтөбе екенін түсіндік.

ӘМИНА ҚАРАЖАНОВА, ОҚУШЫ:

Яғни осы суретте жазғы демалыс болмай тұрған кезде қыздың өмірі қызықсыз болғанын елестеттім. Ал содан кейін сурет салып, жазғы демалыс келген кезде өмір қызықты бола бастады. Демалыс кезде адамның көңіл-күйі көбейеді, адам демалады.

Ашық аспан астындағы суретшілер байқауының дәл осы гүлзарда өткізілуі де кездейсоқтық емес. Есет батыр көшесіндегі алаңқай – Ақтөбеде демеушілердің қаражатына абаттандырылған 26 қоғамдық кеңістіктің бірі. Сол маңдағы тұрғындар қараусыз жатқан жерді демалатын саябаққа айналдырып, бәрінен бұрын 15 жыл бойы жасамай тұрған субұрқақтың қайта іске қосылғанына мәз-мейрам.

← Барлық жаңалықтар