Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Қалашықтан екі мыңнан аса жануардың сүйегі табылды

Жетісу облысында көне қаланың орны табылды. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан ғалымдар Қапал ауылының маңында орта ғасырлық қалашыққа тап болған. Мамандардың пікірінше, бұл Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың бірі болған көрінеді. Онда тұрғындар қандай кәсіппен айналысқаны жайлы тілшіміз тарқатады.

Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерге қарап, ғалымдар оны Х–ХІІ ғасырдағы қала деген тоқтамға келген. Дегенмен археологтар шаһардың одан да ежелгі орын болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Жалпы аумағы 6 гектарға жуық. Оның жарты гектары ақсүйектер мен билеушілер қоныстанған цитадельге арналыпты.

АКБАР ЕРҒАБЫЛОВ, АРХЕОЛОГ:

Осы Қапалдың жолында мықты бір қалашық, абыройлы қала болған деп айта аламын. Бұл жерде өзінің басшысы болған. Салыстырмалы түрде мынау Ақсу ауданы сияқты 2 мың–1,5 мың адам тұруы мүмкін.

Қапал-Қызылағаш қалашығын зерттеу жұмыстары 2023 жылы басталған. Сол уақыттан бері екі мыңнан астам жануар сүйектерінің қалдықтары табылыпты. Нақтырақ айтқанда, ірі қара, ұсақ мал және жабайы аңдардың жілігі кездеседі. Соған қарап археологтар жергілікті халық егін егіп, мал шаруашылығынан бөлек аңшылық құрғанын да топшылауда.

САМАТ ШӘКЕНОВ, АРХЕОЛОГ:

Қазіргі таңда шаруашылық шұңқырлардан арпа, тары, бидайдың қалдықтары табылды. Және де біз анықтамаған, оны әлі зертханалық жағдайда анықтау керек, бір жемістің сүйегі де табылған болатын.

Археологтар бұл аумақта түрлі тарихи кезеңдерге тән 70-ке жуық ескі қоныстың орнын анықтаған. Тіпті кейбірі неолит дәуіріне тән көрінеді.

НҰРНАЗАР ҒАЛЫМЖАН, АРХЕОЛОГ:

Бұл кісілерде қолөнер де жақсы дамыған. Яғни анықталған сүйектердің ішінде сүйектен жасалған біздер, одан бөлек керамиканың сыртына өрнек салуға арналған өңделген сүйектерді анықтап отырмыз.

Бұл өңірде қалашықтардан бөлек қорымдар да бар. Мамандар осыннан табылған жәдігерлерге сараптама жүргізіп, нақты қай дәуірге тән екенін анықтауды көздейді. Айтуларынша, өркениетті қалалардың бірі болған екен.

← Барлық жаңалықтар