Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Әлем жаңалықтары

Илон Маск триллионер атағынан айырылып қалды. Оған «Спейс Икс» акциясының бір түнде құлдырауы себеп.  Қазір Масктың жалпы дәулеті 965 млрд долларға бағаланыпты. Ал жаһандағы ең тұрақты елдердің бірі саналатын Швейцария қауымдастықты тағы да таңқалдырды. Олар Альпы тауларын тесіп, екінші мемлекетке ұқсас үңгір салып шықты. Десе де Швейцария үшін бұл қалыпты жағдай екен. Себебі таулы мемлекетте 1400-ден астам туннель бар көрінеді. Ал үңгірлердің жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асады. Жаһандағы өзге де оқиғалар келесі топтамада.

ЖЕР СІЛКІНДІ. ВЕНЕСУЭЛА

Бір айналдырса, шыр айналдырады. Венесуэла үшін 2026 жыл өте ауыр өтіп жатыр. Жыл басында президентсіз қалған елді бұл жолы табиғи апат әуреге салды. Мемлекеттің солтүстігі мен орталық бөлігінде магнитудасы 7,5-ке жететін екі жойқын жер сілкінісі тіркелді. Тербелістен ел астанасы Каракаста тұрғын үйлер мен ғимараттар жаппай қирады. АҚШ Геологиялық қызметінің болжамына сүйенсек, құрбандар саны 10 мыңнан 100 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Ауыр жағдайға байланысты Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Дельси Родригес ел аумағында төтенше жағдай жариялады. Құтқарушылар үйінді астынан тірі қалғандарды бір сәтке де дамыл таппай іздеп жатыр. Сондай-ақ ғимараттардың зақымдануына байланысты бірқатар мемлекеттік нысандар жұмысын тоқтатты. Әзірге билік қаза тапқандар мен жарақат алғандардың нақты санын айта алмай отыр.

ТЕРБЕЛІС ЖАПОНИЯҒА ДА ЖЕТТІ. ЖАПОНИЯ

Оңтүстік Америкадағы жер асты дүмпуі лезде Жапонияға жетті. Күншығыс елінің солтүстік-шығысында магнитудасы 6,9-ға тең күшті жер сілкінісі болды. Метеорологиялық агенттіктің хабарлауынша, зілзала ошағы Тынық мұхиты жағалауында 50 шақырым тереңдікте орналасқан. Абырой болғанда, цунами қаупі жарияланған жоқ. Сейсмикалық шкала бойынша сілкініс күші кейбір аймақтарда 6-7 баллға дейін жеткен. Мұндай жағдайда адамдардың тік тұруы мүмкін емес. Жерасты тербелістері Токио қаласы мен бірнеше префектурада анық сезілді. Бір таңғаларлығы, төтенше оқиғаға қарамастан аймақтағы барлық атом электр станциялары, соның ішінде «Фукусима» нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Елдің премьер-министрі Санаэ Такаичи жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын айтып, тұрғындарды сабырға шақырды.

ЭБОЛА ІНДЕТІ ӨРШІП ТҰР. КОНГО ДР

Африкада Эбола дерті өршіп тұр. Бір ғана Конго Демократиялық Республикасында індет жұқтырған 1094 жағдай тіркеліп, 277 адам опат болды. Сонымен қатар көршілес Угандада 20 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, екі науқас көз жұмған. Індетке қарсы шаралар күшейтіліп, ерте анықтау мүмкіндіктерін арттыру әрекеттеріне қарамастан, қиындықтар әлі де бар. Қазіргі індет Эбола вирусының «Бундибугио» штаммынан туындаған. Бұл штамға қарсы ресми бекітілген вакцина немесе нақты емдеу тәсілі әлі жоқ. Айта кетейік, мамыр айының ортасында жарияланған бұл жағдай – Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінің осымен 17-ші рет қайта өршуі. Қауіпті ауру елдің шығыс аймағын жайлап, көршілес Угандаға да таралып үлгерді.

АПТАП ЫСТЫҚ. ГЕРМАНИЯ

Ал Еуропада қапырық ауа райы орнап, термометр бағаны күрт көтерілді. Германияда биылғы ең жоғары көрсеткіш тіркеліп, ауа температурасы 40 градусқа дейін жетті. Синоптиктердің айтуынша, жылы ағын жергілікті экожүйеге, соның ішінде Рейн өзеніндегі балыққа да қауіп төндіріп жатыр. Мұндай табиғи құбылыс жергілікті халық үшін нағыз сынаққа айналды. Немістерге көршілес Бельгияда аптап ыстықтың салдарынан ескірген теміржол инфрақұрылымы істен шыға бастады. Ұлттық теміржол операторы апта бойы күніне 100-ге жуық пойыз қатынасын тоқтатуға мәжбүр. Электр желілері істен шығып, вагондардың іші адам төзгісіз қапырыққа айналғандықтан, тұрғындар барар жеріне жете алмай әлек. Мамандардың болжамына сәйкес, бүкіл Еуропаны қамтыған бұл ыстық әлі де бірнеше күн сақталады.

← Барлық жаңалықтар