Мазмұнға өту
· 36 қаралым

Жаңа Конституцияға сәйкес 18 заңға өзгеріс енгізіледі

Елімізде заңнамаларды жаңа Конституцияға сәйкестендіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір тағы 18 заңға енгізілетін өзгерістер пысықталуда. Олар сөз бостандығы мен ақпарат тарату, діни ұйымдардың қызметі, бейбіт жиналыстар өткізу, волонтерлік қызметті қолдау, қайырымдылық сынды көптеген саланы қамтиды. Вице-премьер ұлттық мәдени мұраны сақтау енді мемлекеттің тікелей міндеті ретінде Ата Заңда бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының миссиясы аяқталуына байланысты этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын жеткізді.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ — МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Президент тапсырмасы бойынша волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасы мен экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасы әзірленуде. «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде қоғамдық экологиялық мәдениетті арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылады. Бұл іске қоғамның барлық өкілі атсалысады. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде заң үстемдігі орнығып, жауапты әрі әділетті қоғам құруға берік негіз қаланады.

Сонымен қатар Аида Балаева неке және отбасы саласындағы заңнаманы жетілдіру үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылатынын хабарлады. Ал Әділет министрінің айтуынша, жаңа Конституцияға орай Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасы қайта әзірленеді.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Конституция Әділетті Қазақстанның қандай болуы керектігін айқындаса, жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасы оған жетудің құқықтық жолын көрсетуі қажет. Осыған байланысты Әділет министрлігі Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңарту бойынша тиісті тәсілдер әзірлеп жатыр. Жаңартылған тұжырымдама құқықтың адамға бағдарланған моделіне және мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшуді көздейді.

Министрдің айтуынша, жаңа Конституция мемлекеттің даму философиясын өзгерткендіктен, құқықтық саясат та соған сай жаңаруы тиіс. Жаңартылған тұжырымдама «Заң мен Тәртіп» қағидатына, адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияны дамытуға негізделеді.

← Барлық жаңалықтар