Испания мен Португалияда талай жылдан бері адам саудасымен айналысқан қылмыстық топ анықталды. Құзырлы органдардың дерегінше, олар Пиреней түбегіне жұмыс іздеп келген азаматтарды құрығына түсірген. Қаскөйлердің назарына ең алдымен қаржыдан таршылық көріп жүргендер ілінген. Арнайы операция барысында 30 жылдан бері құлдықта болған адамдар табылды.
МОНАКОДАҒЫ ЖАРЫЛЫС
Әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі саналатын Монакодағы тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болды. Зардап шеккендердің арасында украиналық олигарх бар. Құзырлы органдардың дерегінше, төтенше оқиға халық көп қоныстанған Мулен алаңының маңында тіркелді. Алдын ала болжамға сүйенсек, жарылғыш зат поштамен жеткізілген сәлемдеменің ішіне салынуы мүмкін. Князьдік билігі бұған теракт деген баға беріп, ауқымды тергеу жұмыстарын бастады. Жарылыстан украиналық бизнесменнен бөлек, оның отбасы мүшелері де ауыр жарақат алған. Екі адам жансақтау бөліміне жеткізілді. Тергеу қорытындысына сәйкес, қауіпті бандерольді кіреберіске курьер алып келген. Көп ұзамай күдікті бой тасалап үлгерген. Аталған жайтқа байланысты полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
ИСПАНИЯДАҒЫ АВТОБУС АПАТЫ
Испанияда жолаушыларға лық толы автобус апатқа ұшырады. Қатты жылдамдықпен келе жатқан қоғамдық көлік Льейда қаласындағы ғимараттардың біріне соғылған. Төтенше оқиғадан 43 адам жарақат алды. Төрт жолаушының жағдайы мүшкіл. Олар дереу жақын маңдағы жансақтау бөліміне жеткізілген. Жеңіл жарақаттанған он адам ауруханада ем алудан бас тартқан. Апат барлық құзырлы органды аяғынан тік тұрғызды. Льейда қаласына ел астанасы Мадридтен де жедел жәрдем бригадасы көмекке аттанды. Медициналық тікұшақтар ауыр жарақаттанған жолаушыларды ауруханаға жеткізуге қолғабыс етті. Қазір оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.
ИСПАНИЯДАҒЫ ШАРАП ШАЙҚАСЫ
Корольдіктің солтүстік-батысында жүздеген тұрғын арнайы фестивальге жиналды. «Шарап шайқасы» деп аталатын жиын жыл сайын өткізіледі. Қатысушылар көшеге шығып, бір-біріне жүзім шарабын шашып, көңіл көтереді. Бұл күн жергілікті халықтың пікірінше, аймақтың мәдениеті мен тарихымен тікелей байланысты. Шарап — Аро қаласы тұрғындары үшін салт-дәстүрдің бір бөлігі. Бір-бірін сусынға шомылдыру өткен күннен тазарудың, бірігу мен қуаныштың символы саналады.
ТАИЛАНДТАҒЫ ҚЫЛМЫС
Таиландта ер адам 17 жастағы бойжеткенді асқан жауыздықпен өлтіріп, мәйітті шабаданға жасырып қойған. Бейнебақылау камерасынан күдікті мен марқұмның пәтерге бірге кіріп бара жатқаны анық көрінеді. Бірнеше сағаттан соң қаскөй ғимараттан қолында үлкен шабаданы бар күйде жалғыз шыққан. Кейін жоғалған қыздың денесі Паттайя қаласындағы базарлардың маңынан табылды. Күдікті өз еліне қашып бара жатқан сәтте қолға түсті. Алдын ала дерек бойынша, 46 жастағы ер адам Аустралия азаматы. Ол өз кінәсін мойындамай отыр. Полицейлер сараптама қорытындысын күтіп отыр.