Иран мен АҚШ арасындағы интрига әзір аяқтала қоятын сияқты емес. Парсы елі Америкаға тағы бір қатаң ескерту жасады. Ормуз бұғазына ескек салғандардың бәрі енді ирандықтардың айтқанымен жүріп, талабына көнуге тиіс. Бұл елдер бұғаз үшін бұрқан-талқан болып жатқанда, Конгода тым қауіпті кеселдің емін таппай әлек. Эбола вирусын емдеуге арналған жаңа препараттар қазір сынақтан өту кезеңінде екен. Жаңа дәріден үміт көп. Әйтпесе дерттің кесірінен қазір ауруханалар лық толы. Дәрігерлерге де дамыл жоқ.
Әли Хаменеймен қоштасу
Иран астанасы Тегеранда елдің бұрынғы Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеймен қоштасу рәсіміне соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Имам Хомейни атындағы мешіт кешенінде марқұмның табыты көпшілікке көрсетілді. Иран билігінің мәліметінше, 86 жастағы дінбасы ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің әуе шабуылынан қаза тапқан. Елді 36 жыл бойы басқарған басшының қазасы қарапайым халықтың қабырғасына батып отыр.
МОХАДЕСЕ ДЕХГАН НЕЖАД, ТҰРҒЫН:
Ұлы көшбасшымызды жерлеуге дайындалып жатқанымызды сезінудің өзі өте ауыр. Әкемнен айырылғандай сезімдемін. Жүрегім езілiп барады, не істерімді де білмеймін. Сондықтан ішімдегі шерді тарқату үшін көшеге шықтым.
Иран билігі алдағы күндері өтетін жаппай жерлеу рәсімдері халықтың Ислам Республикасына деген мызғымас бірлігін көрсетеді деп санайды. Қоштасу шаралары сенбі, яғни бүгін Тегеранда басталып, Құм қаласы мен Ирак аумағында жалғасады. Ал келесі аптаның бейсенбісінде марқұм өзінің туған қаласы Машхадта жерленбек.
ХАСАН ХАСАНЗАДЕ, ИСЛАМ РЕВОЛЮЦИЯСЫ САҚШЫЛАР КОРПУСЫНЫҢ БРИГАДА ГЕНЕРАЛЫ:
Біздің жүрегіміз қайғы-қасіретпен қоса, ұлы рухпен, күш-қуатқа толы. Алғаш рет осындай ауқымды қоғамдық оқиғаның куәсі болғалы отырмыз. Халқымыз қайғырып, тамағына өксік тығылып тұрса да, бүкіл әлемге өзінің ұлылығымен қуатын паш ететін болады.
Қазір Тегеран көшелері мен мешіт аумағы тазартылып, барлық жерге Хаменейдің суреті ілініп жатыр. Айта кетейік, Әли Хаменей 1989 жылы Ислам революциясының негізін қалаушы Рухолла Хомейниден кейін билікке келген. Өзінің басқару жылдарында ол ел ішінде қатаң тәртіп орнатып, Таяу Шығыстағы Ливанның «Хезболла» ұйымы сияқты прокси-күштер арқылы Иранның әскери ықпалын барынша күшейтті.
Иран сес көрсетті
Иран Қарулы күштері АҚШ-қа қатаң ескерту жасады. Егер Вашингтон Ормуз бұғазындағы жағдайға араласса, Тегеран жедел әрі батыл соққы бермек. Әскерилер бұл су жолы Американың ойын алаңы емес, Иранның заңды аумағы екенін кесіп айтты. Бұдан былай бұғаз арқылы өтетін барлық мұнай танкерлері мен сауда кемелері тек Иран бекіткен бағытпен ғана жүруі тиіс. Ережені бұзып, басқа жолға түскендерге қарсы бірден қару қолданылады. Сондай-ақ Иран әскерилері аймақта АҚШ ұшақтарының жүруіне жол бермейміз деп отыр. Еске салайық, биыл 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл жасағаннан кейін, Тегеран Ормуз бұғазындағы бақылауды күшейткен еді. Содан бері бұл екі елдің кемелеріне аталған су жолымен жүруге үзілді-кесілді тыйым салынған.
Венесуэладағы зілзаланың салдары
Венесуэладағы жойқын жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен Ла-Гуайра штатында ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Плая-Гранде ауданында құлаған ғимараттардың орны үйінділерден тазартылуда. Осыдан сегіз күн бұрын бір минуттық аралықпен болған 7,2 және 7,5 магнитудалық қос зілзала 2295 адамның өмірін қиды. Баспанасыз қалған жұртқа қазір көрші елдерден гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Алайда жергілікті тұрғындардың кейбірі құтқару жасақтарының тым кеш келгеніне шағымданды.
ПАОЛА МАЧАДО, ТҰРҒЫН:
Көптеген адамдар құтқарушыларды күтіп жатып көз жұмды. Өйткені бастапқыда бізге көмектесетін ешкім болған жоқ. Құтқару жасақтары келе бастағанда мен Мексика, Перу, АҚШ-тан келген топтарды және олармен бірге арнайы үйретілген иттерді көрдім. Олар қолдан келгеннің бәрін жасады. Бірақ алғашқы төрт күнде ешқандай көмек болмағандықтан, біз көп уақыт жоғалттық. Мен өскен жағажай да, бүтіндей бір қауым да енді жоқ.
Дегенмен қазір апат аймағына қолдау толастар емес. Мәселен, бір топ колумбиялық еріктілер арнайы көліктермен келіп, зардап шеккен тұрғындарға ең қажетті заттарды үлестірді.
ДИЕГО, КОЛУМБИЯЛЫҚ ЕРІКТІ:
Біз мұнда қажеттінің бәрін әкелдік. Киім-кешек, дәрі-дәрмек, азық-түлік, сөмкелер, балаларға арналған ойыншықтар, жаймалар мен төсеніштер бар. Шама-шарқымызша бәрінен аздап жинап әкелдік.
Елдің Ішкі істер министрі Диосдадо Кабельоның мәліметінше, бір ғана Ла-Гуайраның өзінде 100-ге жуық ғимарат қираған. Ал NASA-ның спутниктік бағалауына сүйенсек, апат болған аймақ бойынша шамамен 58 мың 870 нысан зақымданып немесе толықтай жермен-жексен болған.
Конгода жаңа дәрілер сынақтан өтуде
Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын емдеуге арналған жаңа дәрілер сынақтан өте бастады. Зерттеуге мыңнан астам науқас қатыспақ. Оларға америкалық ғалымдар дайындаған вирусқа қарсы препараттар беріледі. Қазір елде індет қайта өршіп тұр. Соңғы екі аптада күніне орта есеппен 38 адамнан қауіпті вирус табылған. Ғалымдар бұл сынақ ең тиімді ем тәсілін анықтауға көмектеседі деп үміттенеді.
МВАМБА КАЗАДИ, ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:
Індет өршіген тұста вирусқа қарсы нақты дәрі табу үшін зерттеу жүргізуге мәжбүр болдық. Біз клиникалық сынақтарды бастауға арнайы жүйе құрдық. Бұл жұмыс Эболамен ауыратын науқастарға қай дәрінің, қандай препараттың ең тиімді екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ауруханалардағы орын саны көбейген. Алдағы уақытта тағы 300 төсек-орын қосылмақ. Алайда науқастардың көптігінен қазір палаталардың барлығы дерлік лық толы. Дәрігерлер күндіз-түні үзіліссіз жұмыс істеп жатыр.