Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Жерін даулағандар жыры

Ауылдағы ағайынның құқықтық сауатының төмендігін пайдаланған пысықайлар түрлі амалдың арқасында біраз жерді жамбасына басып алыпты. Жылдар бойы қордаланған жер мәселесі көп өңірде қазір өзекті болып тұр. Соның кесірінен бұқара қорадағы малын өріске жібере алмай әлек. Мәселен, Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Тереңөзек ауылында дәл осындай келеңсіздік жұрттың өміріне кедергі келтіріп тұр. Мұндағы мұқым ел шаруа қожалығының құрамына өз үлесімен кіріп, соңында дәмсіз қалып отыр екен.

ҰЛАН ТӘЛІПБАЙ, ТІЛШІ:

Тереңөзек ауылының тұрғындары ұлтарақтай жерге зар болып отыр. Өйткені ауыл шаруашылық жерлері санаулы азаматтардың қолында. Соның салдарынан ауылда отырған қараша мал ұстай алмауда. Ауылға тиесілі 11 мың гектар жерді түгелімен қоршап алған.

Осы ауылдың тұрғындары ширек ғасыр бұрын пай үлестерімен бір шаруа қожалығына бірігеді. Ауылдас болғандықтан келісім-шарт жасаспаған. Жарғысында тайға таңба басқандай түсетін табыспен бөлісу, мүшелеріне жалақы беру, мүшеліктен шыққан жағдайда жалпы жиналыс шешімімен жерін көлеміне қарай бөліп беру туралы айтылған.

БАЙАХМЕТ БЕРДІБЕК, ТЕРЕҢӨЗЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Аудан әкімінің алдында да, аудандық жер қорының басшысына да бардық. Бұл кісілердің алдында отырып Темірбек ағамыз бізге береміз саған, құдығы қазылған жерден береміз, қай жерден не қылсаң сол жерден береміз деген. Ал әңгіменің аяғына келгенде сыйыр құймышақтанып, тірліктің бәрі осындай болып жатыр. Елеусіз, ескерусіз қалып кетіп жатыр.

Төрттүлікті ұстаудың қиындап кеткенін малшылар да растап отыр. Кезінде «Тереңөзек» ауылының өзінде ғана үйір-үйір жылқы, бірнеше табын сиыр болған екен. Қазір елді мекендегі 500 үйде бар болғаны 100 сиыр ғана қалған. Көпшілігі ауылда отырып сүтті дүкеннен сатып алады.

ҚОЖАБЕРГЕН АҚЫЛБЕК, МАЛШЫ:

Жайылатын жер жоқ ешқандай, жайылым жоқ былай айтқанда. Әркімге жалынып күніміз өтетін болды. Кімге барамыз, кімге жалынанамыз? Анаған барсаң анау қуалайды, мынаған барсаң мынау қуалайды. Бекетай жердің бәрін алып ап, ол жатыр. Қай жаққа барамыз біз, қай жаққа жаямыз?

Жұртшылықтың айтуынша, шаруа қожалығының төрағасы өзі игермеген жерлерді өзге ауданның тұрғындарына жалға беріп қойған. Оған өзіміз де куә болдық. Бұл жерлерден оншақты ұңғыма қазылған. Күндіз-түні жерасты суына ағыл-тегіл пайдаланып отыр. Бірде-бір су есептегіш құралы жоқ. Ол аздай, оған кетіп жатқан электр қуатының көлемі шексіз. Жалдамалы жұмысшылар иесінің кім екенін білмейміз деп ақталды. Шаруа қожалығы иесінің үйіне бірнеше мәрте барып, жолығудың сәті әзер түсті. Бірақ сұхбат беруден бас тартты.

Ал ауылдың қоғамдық кеңесінің төрағасы 2002 жылғы дерек бойынша ауылдағы 35 отбасына тиесілі жердің көлемі 1800 гектар болғанын айтады. Оның 929 гектары егістік, 899 гектары жайылымдық жер екен. Мәселенің мәнін білмек болып Тұрар Рысқұлов ауданының әкімдігіне бардық. Аудан әкімінің орынбасары қожалықтың ісіне араласуға құқығымыз жоқ деп кесіп айтты.

ЕРҒАЗЫ ЕСПЕНОВ, ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Үлескерлер шаруа қожалыққа қосылатын болса, бөлінетін болса, ол өзінің ішкі жұмысы. Ішкі жұмысына біздің араласуға құқығымыз жоқ негізі.

Алайда аудан басшылығы аумақта не болып жатқанынан бейхабар болып шықты. Жерасты суына ағыл-тегіл пайдаланып жатқанын біздің арна тілшілерінен естіп білді. Біраз заңға қайшы әрекеттің орын алғанынан құлағдар болған соң жұмыс тобын құратынын жеткізді.

ЕРҒАЗЫ ЕСПЕНОВ, ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді комиссия құрамыз. Басына барып тұрып, зерделеу жұмысын жүргіземіз. Жер мәселесі жер, су мәселесі су, қоршау, айтып отырсыз ғой заңсыз қоршап алған деп, соның бәрін зерделейік. Ауылдың әкімін қосамыз комиссия мүшесіне.

Жерасты суларын пайдалану Су кодексінде жазылған. Яғни тіршілік нәрінің әр тамшысына дейін су есептегіш құралдары арқылы пайдалану керек. Бірақ оны ауданда қадағалап жатқан ешкім жоқ.

ҒАЛЫМЖАН ҚАМБАРБЕКОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Жерасты ұңғымаларын пайдалану үшін ең бірінші Су кодексінің 45-бабына сәйкес арнайы су пайдалану рұқсатын рәсімдеуі қажет. Арнайы су пайдалану құжатын рәсімдеу үшін талаптардың бірі – ол қондырғыға міндетті түрде су есептегіш құралды, счетчикті орнату қажет.

Мәселе заң бойынша қалай шешілу керектігін білу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдадық. Ведомство облысқа, облыс ауданға сілтеп, әзер дегенде жауап келді. Бір қызығы, облысқа жіберген сауалдарға Рысқұлов ауданы емес, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары жауап беріпті. Ұққанымыз барлық мәселені сот арқылы шешуге кеңес берген.

Шаруа қожалығының иесі өз еркімен үлескерлердің жерлерін беруден бас тартқан соң сотқа жүгінген. Сот жерді беру туралы шешім шығарған. Бірақ ұжымның атынан хаттаманы өзі жазып келіпті. Бұл заң талаптарына сай келмейді дейді қоғамдық кеңес төрағасы. Сондықтан сотқа қайта жүгінуге бекініп отыр.

АСХАН ӘДІЛХАНҰЛЫ, ТЕРЕҢӨЗЕК АУЫЛЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұрынғы пай үлескері ісі сотта қаралуда қазіргі уақытта. Екінші пай үлескерінің жерін сот шешімін шығарып, берілсін деген шешім жерді жеке өзі қайтадан заңбұзушылық әрекетін жасап, хаттама жазған. Бұл заңға қайшы.

Суғa жауапты министрлік өзендер, көлдер ортақ болғандықтан оны қоршап алуға ешкімнің құқығы жоқ дейді. Бірақ бұл талап Жамбыл облысының шаруаларына жүрмейтін сыңайлы.

ҒАЛЫМЖАН ҚАМБАРБЕКОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Бізде өзендер, көлдер, мысалы, олардың барлығы ортақ су пайдалануға жатады. Яғни ол жерде суға түсу, халықтың емін-еркін өзеннің немесе көлдің жағасына баруы бізде заңмен көрсетілген. Ортақ су пайдалану болып табылады. Ол жерді ешкімнің қоршап алуына құқығы жоқ.

Бұл шағын ауылдағы бір ғана шаруа қожалығының айналасындағы мәселе. Оны заңдық тұрғыдан шешуге ауыл халқының сауаты да, шамасы да келмейді. Аудан әкімдігі комиссия құрамыз деп құлшынғанымен, екі апта ішінде ауылдың маңына ешкім де бармаған. Ұлттық статистика бюросының қаңтардағы мәліметі бойынша елімізде 251 635 шаруа немесе фермер шаруашылығы бар екен. Олардың біразында үлескерлер мен фермер арасында келіспеушіліктер бар.

← Барлық жаңалықтар