Концерт көру үшін енді билет сатып алып, залға барудың қажеті жоқ. Әншілер сіздің үй жағыңызға өздері келіп, ән салады. Ақтөбенің өнерпаздары бастаған керемет жоба тұрғындарды таң қалдырды. Ол «Аула әуені» деп аталады. Бастаманы Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы көтерген. Өнерпаздар Шәмшінің әндерін әуелете шырқағанда, елең етпеген жан жоқ. Үйдегілер дереу сыртқа шығып, ересектер жағы өзіне таныс шумақтарды әншілермен бірге шырқады. «Аула әуенінің» мақсаты да — сол. Кәсіби өнерді халыққа жақындату, хор музыкасын насихаттау. Жанды дауыстағы әдемі әнді тыңдағысы келгендер пәтер иелері кооперативі арқылы өтініш тастай алады.