Мазмұнға өту
· 14 қаралым

Сөз бостандығы – мемлекеттің ажырамас бөлігі

Сөз бостандығы – мемлекеттің ажырамас бөлігі. Жаңа Конституция әр азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғап, құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік береді. Яғни отандастарымыз қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікірін еркін жеткізе алады. Дегенмен сөз еркіндігі жауапкершілікпен қатар жүреді. Сондықтан да азаматтардың ар-намысына нұқсан келтіретін немесе мемлекеттің тұтастығы мен беріктігіне қауіп төндіретін мәлімдемелерге заң аясында жол берілмейді. Осы ретте саясаттанушылар Ата заңға енгізілген өзгерістер әділетті мемлекеттік басқару қағидаттарын нығайтып, азаматтардың билік институттарына деген сенімін арттыруға ықпал ететіндігін алға тартты.

БӨРІХАН НҰРМҰХАМЕДОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Ата заңдағы ең ауқымды тараулардың бірі – ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына арналып отыр. Бұл – жаңа Конституцияның басты бағыты. Арнайы бапта сөз бостандығына, өмір сүру құқығына және денсаулық сақтауға, білім алуға кепілдік берілген. Мұның бәрі өзара сабақтастықты білдіреді. Бұған бөлек, бұрын заңдар мен кодекстерде ғана көрініс тапқан көптеген нормалар Конституцияға енгізілді. Бұл – өте маңызды.

← Барлық жаңалықтар