Соғыс біткенде дүниеге келгендер мектеп бітіргендеріне 60 жыл болғанын атап өтті.
Сонау 1966 жылы Теріскейдегі Жамбыл кенішінде бір сыныпта оқыған түлектер Астанада бас қосты.
Қазір жастардың өзі сылтау айтып жинала алмай жүргенде, бұл ата-апаларымыз еліміздің әр түкпірінен бірі қалмай түгел келіпті.
Тек бұл кездесудің қуанышы да, мұңы да қатар жүр.
Кезінде мектепті бірге бітірген 25 қарияның бүгінде ортамызда 10-ы ғана қалыпты.
Араға 60 жыл салып қайта табысқан замандастардың жүрегі толқып, көздеріне жас алды.
ГҮЛБАЙРАМ ЕҢСЕГЕНОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:
Іштегі сезім сондай, енді айтуға көңілім толып тұр. Бір-бірімізді көріп жатырмыз. Әжептәуір жылдар болды бір-бірімізді көрмегелі. Бұрын оқу бітіріп жатқанда армандағанбыз, 80 жылы кездесеміз деп, оған болмады, әрқайсысы әр салада істеді, жиналмады. Одан кейін бір-бірімізді көптен көрген жоқпыз.
Зейнетақысын қалтасына салып, тапқанын сыныптастарының қуанышына шашып жүрген бұл қариялар бұған дейін мүлде жолықпаған екен.
Негізі балалық шақ мекеніне, оқыған мектептеріне барғысы-ақ келген.
Тек ауылдан ел көшіп, алтын ұя мектептерінің есігіне қара құлып салынған соң, барар жер таппай қалыпты.
Осылайша арадан алпыс жыл өтіп кеткен.
Сондықтан ба екен, қарияларымыздың қуанышының артында үлкен бір өкініш те тұр.
Батагөй қарияларымыз жастарға өсиетін айтып, бар күнінде жиі жолығып, дос-жаранмен арақатынасты үзбеу керек деп ақылдарын айтты.
ҚАЙЫРЖАН НҰРТАЗИНА, ЗЕЙНЕТКЕР:
Біз, міне, 60 жылдан кейін кездескенде өкініштеміз. Мысалы, 10 жыл, 15 жыл, 20 жыл, 25 жыл, 30, 35, 40, 50 жылда кездессек, жаңағы о дүниелік болып кеткен 15 баланы көрген болар ма едік. Бір-бірімізбен қауышқан болар ма едік деген өкініш бар жиналған әрқайсымыздың жүрегімізде.