Астанада Құрылтайдан үмітті тағы бір партияның съезі өтті. «Байтақ» жасылдар партиясы сайлауға сақадай-саймыз деп бағдарламасын таныстырды. Депутаттыққа 52 үміткерді бекітіпті. Тізімге экологтар, геологтар, инженерлер, дәрігерлер, ұстаздар мен заңгерлер енген. Үміткерлердің үштен бірі әйелдер мен жастар. Жиында сөз алған саяси қозғалыстың төрағасы Азаматхан Әміртай: «Біз тек сенбілік өткізетін партия емеспіз», деді.
АЗАМАТХАН ӘМІРТАЙ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
20-ға жуық филиалымыз бар, 150 мыңға жуық мүшеміз бар. Оның бәрі қазір партиямыздың бағытында жұмыс істейді. Басқа партияларда сайлау алдында ғана экологиялық мәселе көтеріледі. Ал біз күнде көтереміз. Айта кетейік, біріншіден мемлекеттен қаржы алмаймыз, мен өз қаражатыммен партияны ұстап тұрмын. Біздің мақсатымыз – 20 пайыз орын алу, біз соған дайындалып жатырмыз. Біздің оған мүмкіндігіміз бар.