Қазақстандықтарға мобильді аударымдарға қатысты хабарлама жолданып жатыр. Осы күнге дейін мұндай хатты 114 мың адам алып үлгеріпті. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, банктер 2026 жылдың бірінші тоқсанында үш ай қатарынан кәсіпкерлікке арналмаған шотына 100-ден астам кісіден қаражат түскен азаматтар туралы ақпаратты жолдаған. Әрі бәрінен аударылған ақша көлемі 1 млн теңгеден асқан. Енді салық органдары бұл қаражатты олардың тапсырған декларациясымен салыстырады. Егер сәйкес келмесе, камералдық бақылау басталады. Алайда жауапты мекеме «салықты бақылау рәсімдері әлі аяқталмағандықтан, әзірге азаматтардан бұл қаражаттың қайдан түскенін түсіндіру талап етілмейді» дейді.
ҰЛДАНА СҮЛЕЙМЕН, ҚР ҚМ МКК ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС ХАТШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
Мұндай хаттар алу жауапкершілікке тартылғаныңызды білдірмейді. Ол ақпараттық түсіндіру сипатында жолданылады және салық заңнамасының талаптарына сәйкес, өз қызметіңізді өз еркіңізбен реттеуге мүмкіндік береді. Егер сіз осындай хат алған болсаңыз және іс жүзінде кәсіпкерлікпен айналыссаңыз, бұрын тіркелмеген болсаңыз, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, алынған табысты тиісті салық есептілігінде көрсету, салық міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындау қажет.