Сіздер компот ішкен сайын, қант қымбаттай береді. Қысқа азық болсын деп банка жауып, ел-жұрттың тосап қайнатуы шекердің құнына қатты әсер етіп кеткен көрінеді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі бүгін қант бағасының құбылуына қарашаны жазықты қылды. Ал Ұлттық экономика министрі былтырмен салыстырғанда Қазақстан халқының нақты ақшалай табысы артты деп сүйінші сұрады.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:
Байып кетсек, қанттың бағасынан қорықпай, күнде компот ішіп отырар едік, Ғалеке. Жә, жаңалығын айтайын. Аптаның екінші күнінде есеп беруді естен шығармайтын министрлер бүгін де баяндамаларын бастырмалатып оқыды. Жауаптылардың айтуынша, өткен жарты жылда өспеген дүние қалмапты. Экономика 4,1 пайызға жоғарылап, экспорт көлемі 30,4 млрд долларға жеткен. Таңғаларлығы сол, өскендердің санатында халықтың табысы да бар екен.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ — ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
2026 жылғы I тоқсанда Қазақстан халқының нақты ақшалай табысы соңғы жылы алғаш рет оң серпінге шықты. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ол 0,1%-ға өсті. Халықтың жан басына шаққандағы орташа номиналды ақшалай табысы айына 252 619 теңге болған. Бұл 2025 жылғы I тоқсан деңгейінен 11,8%-ға жоғары.
Сондай-ақ жалақысы жамбас пұлдан артылмайтын жұрттың айлығы да жоғарылапты. Ауыл шаруашылығы, қаржы мен сақтандыру, көлік пен қоймалау, өңдеу өнеркәсібі салаларында қызмет еткендердің көйлегі көк, көңілі тоқ көрінеді. Алайда айлық өссе, азық-түліктің қоса көтерілетін қыңыр әдеті бар бізде. Өңірлерде қант бағасы қымбаттап кетіпті. Ал атқамінерлердің айтуынша, нарықтағы бағаның шарықтағанына компот дайындаған жұрттың өздері жазықты екен.
АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Кейбір өңірлерде түйіршіктелген қант бағасының өсуі маусымдық кезеңмен байланысты. Бұл уақытта тұрғындар компот, тосап және өзге де қысқы азық-түлік қорын дайындай бастайды. Соның салдарынан қантқа сұраныс артады. Егер нарықта баға құбылса, бұл қорлардағы қант сатылымға шығарылады. Осылайша бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік болады. Қант тапшылығына алаңдауға негіз жоқ.
Қысқасы, қантқа талас болмайды, әділ баға орнайды деп сендірді жауаптылар. Ал Үкімет басшысы шағын және орта бизнестің шекесін шылқытпасақ, шаруаның шатқаяқтап кетерін ескертті. Кәсіпкерлердің бастамаларын қолдап, түрлі мәселелерден қорғап, қоян-қолтық қызмет атқаруға шақырды. Сондай-ақ қашанғыдай министрлерге міндет жүктеді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Ауыл шаруашылығы министрлігі Атамекен ұлттық палатасымен бірлесіп мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға және қант қызылшасын тасымалдауға инвестициялық субсидиялау тетігін енгізсін. Өңір әкімдіктері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп нарықты ет өнімдерімен толықтыру және оң экспортын ұлғайту үшін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал басын сатып алу жұмысын жеделдетуге тиіс.
Жиын соңында Үкімет басшысы жауаптыларға жауапкершілік жүгін артты. Жоспарланған экономикалық өсімге қол жеткізу әрбір министр мен әкімнің жеке міндеті екенін баса айтты. Өйткені бүгін есеп тыңдалса, ертең нәтиже сұралмақ.