Мазмұнға өту
· 10 қаралым

АЭС-тің мүмкіндіктері қандай?

Мамандар АЭС атом технологияларын медицина, өндіріс және ғылым салаларында дамытуға жол ашады дейді.

Медицинада қолданылатын шприцтер де, кейбір құрылыс материалдары да радиациялық технологиялардың көмегімен өңделеді. Сондықтан мамандар елімізде салынуға тиіс атом электр станциясы энергетиканың ғана емес, өндіріс саласының дамуына да оң әсер етеді дейді.

ЖАНАТ БАЙҒАЗИНОВ, «ЯДРОЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ПАРКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Иондаушы сәулелердің әсерінен біз полимерлердің молекулааралық қарым-қатынасын, байланысын жоғарылатамыз. Соның әсерінен, мысалы, шикі резина қарапайым жағдайда жыртылатын болса, иондаушы сәуледен кейін оған 300 есе күш жұмсайтын болсаң, ол үзілмейтін деңгейге жетеді. Не болмаса аптекадан алатын бинт ол да иондаушы сәулелер өткеннен кейін әп-сәтте стерильді болып шыға келеді.

Сондай-ақ адам ағзасындағы ауруларды дәл анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік беретін радиоизотоптық диагностика бүгінде медицинада кеңінен қолданылады. Ал атом саласын дамыту осындай заманауи технологияларды жетілдіруге, ғылым мен өнеркәсіпті ілгерілетуге және ішкі әрі сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіруге серпін береді екен.

ЖАНАТ БАЙҒАЗИНОВ, «ЯДРОЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ПАРКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Әсіресе онкология саласында радиоактивті фармпрепараттарды пайдаланамыз. Бұл жердегі радиоактивті материалдар — әртүрлі изотоптар, диагностикаға да пайдаланамыз. Яғни адам ағзасында зиянкес клеткалар, онкологиялық клеткалар орналасқан жерін жоғары деңгейде сезімталдықпен анықтай аламыз.

← Барлық жаңалықтар