Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Өзіміздің өнімдер

Ақтөбеде жергілікті кәсіпкерлер «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысты.

Ақтөбеде тек мұнай мен хром өндіріледі десеңіз, қателесесіз. Жергілікті кәсіпкерлер «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар біраз өнімді шығарып жатыр екен. Олардың бірсыпырасы бүгін «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысты. Әсіресе, көптің назары ауылда кәсібін дөңгелетіп отырғандарға ауды.

Бұл аспап Алға қаласында тұратын шебердің қолынан шыққан. Бақытхан Сейітқали бала кезінен сыбызғыда ойнайды. Оны қалай жасайтынынан да хабардар. Балаларға аспаптың тілін меңгерте жүріп, ата кәсіпті қайта жаңғыртуға ден қойған. Қайыңнан, қызыл ағаштан бірнеше түрін жасапты. Алғашқы он данасын жас музыканттар сатып алған. Кәсіпті әрі қарай дөңгелетіп әкетуге қаржылай қолдау болса дейді.

БАҚЫТХАН СЕЙІТҚАЛИ, ШЕБЕР:

Станок керек. Мынаны кім көрінгенге апарып жондырамыз. Оның қабығын алдырып, кептіреміз. Ортасын жарып, станокпен мынаның бәрін дөңгелектеп, ішіне сілекей сіңбейтін әдістері бар. Содан мен жасап, мына тесіктерінің бәрін әбден нотаға келтіріп тесеміз. Бағасы 100 доллар, қымбат емес, сыртымен.

Мемлекеттің қолдауы болса, әжептәуір көмек болар еді деген ауыл кәсіпкерінің бірі — Гүлнұр Оразова. Әжесінен үйренген жүн түту мен киіз басуды кәсібіне айналдырыпты. Жібек матаға, балалардың жейдесіне ұлттық нақыштағы оюды киізден салып береді. Одан бөлек, киізден түрлі сөмке жасайды екен.

ГҮЛНҰР ОРАЗОВА, КӘСІПКЕР:

Мен қазіргі таңда тек дайын жүнді сатып алып жасап жатырмын. Келешекте менің грант алу мақсатым — өзіміздің ауданымызда шығып жатқан жүндер қазір қоқысқа кетіп жатыр. Соларды өңдеп, түтіп, ол аппараттарды да сұрастырдым.

«Бір ауыл — бір өнім» жобасы Жапонияның тәжірибесін негізге алып жасалған екен. Мақсат — елді мекеннің дамуына қарқын беру, шағын кәсіппен айналысып, дайын өнімін нарыққа шығаруға көмектесу.

ДИНАРА СМАҒҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсына тауар өндірушілер тарапынан 30 өтінім келіп түсті. Осы 30 кәсіпкердің арасынан 9 жеңімпаз анықталып, республикалық байқауда біздің облыстың намысын қорғайтын болады.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауының соңында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар» және «Үздік азық-түлік тауар» номинациясы бойынша жеңімпаздарды анықтап, марапаттады.

← Барлық жаңалықтар