Сайлаудың мерзімін алдын ала жариялау саяси партиялардың жүйелі дайындалуына зор мүмкіндік береді. Алматыда өткен «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» атты жиында осындай ой айтылды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы сайлау — кезекті науқан емес, конституциялық реформаны жүзеге асырудың және елдің жаңа өкілді органын қалыптастырудың бастапқы кезеңі.
Жаңа пропорционалды жүйе саяси партиялардың рөлін түбегейлі күшейтеді. Бұдан былай бәсеке жеке тұлғалар арасында емес, негізгі бағдарламалар, тың идеялар мен мықты командалар арасында өрбімек. Саяси күштердің сайлаушылармен мазмұнды жұмыс жүргізуіне де уақыт жеткілікті. Айта кетейік, соңғы әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша қазақстандықтардың 75 пайызы алдағы Құрылтай сайлауында дауыс беруге тас-түйін дайын отыр.
АЙГҮЛ СӘДУАҚАСОВА, ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Құрылтай дегеніміз – ол заң қабылдаушы орган, біріншіден. Ол тек заң қабылдаушы орган емес, оның негізгі тағы бір мақсаты — қоғамды біріктіру. Қоғамдағы әртүрлі мүдделердің басын біріктіру. Жалпы біздің еліміздің, тәуелсіздіктің негізгі құндылықтарын сақтау.