Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Қазақстан мен Қытай арасында цифрлық сауда жанданады

Қазақстан аспан асты елімен алыс-берісті арттыра түсіп, электрондық сауданы жандандыруға ниетті. Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынды. Осылайша біздің тарап «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономиканың тиімді тетігін қалыптастырғысы келеді.

Мақсатқа жету үшін өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн, деді Мемлекет басшысы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жасанды интеллектіні реттейтін ұлттық саясат пен заңдық тетіктерді өзара үйлестіру айрықша мәнге ие. ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стандарттарын түзу де өте маңызды. Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек. Келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынамыз.

Бүгінде жасанды интеллект экономика, сауда және жаһандық серіктестіктің болашағын айқындайтын, толыққанды инфрақұрылымы бар салаға айналып келеді. БҰҰ дерегіне сәйкес, ақылды технологияларға салынған инвестиция жылына орта есеппен 47 пайызға өсіпті. 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық артықшылықтарына тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанның жаңа Конституциясында жасанды интеллектіге, оның елімізді орнықты дамытуға қосар үлесіне баса назар аударылған. Сонымен қатар Ата заңымыз әр азаматтың дербес дерегінің қорғалуына кепілдік береді. 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылды. Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады.

Конференция аясында Президент Қытайдың жасанды интеллект саласындағы айтулы жетістіктеріне тоқталды. Бұл салада көршілерімізден үйренеріміз көп. Себебі дүние жүзінде ақылды технологияны зерттеушілердің жартысынан астамы осы елдің өкілдері. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымдастырушы тарап ұсынған «Барша адамзат игілігіне қызмет ететін ЖИ» тұжырымдамасын қолдайтынын жеткізді.

← Барлық жаңалықтар