Зейнетақы қорындағы қаржыңызды енді өзіңіз басқарасыз. Бұл шоттағы ақшаны сыпырып алып, керекке жарату деген сөз емес. Тек азаматтарға жинақтарын түгел жеке компанияларға беруге рұқсат етіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, осылайша қазақстандықтар қаржысын басқаруда толық еркіндікке ие болады әрі инвестициялық стратегияны өз бетінше анықтай алады.
Бірақ бір ескеретін дүние бар: инфляциялық тәуекелдер бюджет қаражаты есебінен өтелмейді. Айта кетейік, бұрын салымшылар басқарушы компанияларға жинағының жартысын, яғни 50 пайызын ғана сеніп тапсыра алатын. Қыркүйек айынан бастап бұл шектеу толықтай жойылады. Министрлік Әлеуметтік кодекстің ережелеріне сәйкес, мемлекет азаматтардың зейнетақы жинақтарын толық сақтайтынын және қорғауға кепілдік беретінін атап өтті.