Додаға саясат сахнасына жуырда ғана шыққан «Әділет» партиясы да қосылды. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы осы саяси ұйымның партиялық тізімін тіркеді. Құрылтай сайлауына қатысатын үміткерлердің саны 186 адам. Заңнамаға сәйкес, кандидаттардың жартысы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар. Олардың жалпы үлесі 47 пайыз.
МҰХТАР ЕРМАН, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Орталық сайлау комиссиясы жіберген сауалдарға сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар Мәжіліс депутаттарын сайлауға ұсынылған барлық кандидаттардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексерді. Сонымен қатар, «Әділет» партиясы партиялық тізімге енгізілген барлық кандидаттар үшін сайлау жарнасын толық төледі.
Партиялық тізімге енген кандидаттардың 72-сі әйел, 114-і ер адам. Мандатқа үміткерлердің орташа жасы – 45. Олардың қатарында заңгерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер мен білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығының мамандары мен мәдениет қайраткерлері бар. Сондай-ақ бүгін Орталық сайлау комиссиясы «Ауыл» партиясының да партиялық тізімін тіркеді. Депутаттықтан үміткерлердің саны – 69. Олардың 42 пайызы, яғни 29-ы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар. Жиын соңында тіркелген кандидаттарға арнайы куәлік табысталды. Осылайша, алдағы додаға барлығы жеті партия жіберілді.