Бірдеңке ғып әскерден құтылдым ғой дегендерге тықыр таянды. Қорғаныс министрлігі қырық сылтау, неше түрлі желеу айтып армияға бармағандарды анықтауға шындап кірісті. Ол үшін жаңа қаулы шығарған. Оған сәйкес, облыстағылар аудандық комиссиялардың шешімдерін қайта тексере алады. Яғни, әскерге жарамсыз деген қағаздың не үшін берілгенін тағы бір мәрте зерделеуге құқы бар. Сол кезде заңға томпақ дүние анықталса, «әскерден босатылсын» деген қаулы күшін жояды. Яғни, тәртіп пен бақылау қатаңдатылды. Ал облыстық я болмаса республикалық комиссияның барлық шешімі Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесінде электронды форматта рәсімделеді.