Астанада ағза трансплантациясы мен пациенттер тағдырын баяндайтын «4739» деректі фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Фильмнің атауында үлкен мән бар: бүгінде елде ағза кезегінде дәл осынша адам тұр. Өкінішке қарай, жыл сайын 350-ден астам пациент отаны күте-күте көз жұмады. Оның үстіне, операциялардың 90 пайызында туыстары донор болса, 10 пайызға жетер-жетпесінде қайтыс болған адамның дене мүшесін салады. Әріптестеріміз түсірген туындының тұсаукесеріне Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, медицина мамандары мен кейіпкерлер қатысты. Аида Балаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ұлт денсаулығы – елдің басты құндылығы» деген ұстанымын жеткізді. Оның айтуынша, салада отандық хирургтар аса күрделі оталарды сәтті меңгерген. Сондай-ақ Үкімет бұл жүйені одан әрі жетілдіруге, медициналық ұйымдар әлеуетін нығайтуға және түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыруға баса мән беретінін атап өтті.
МӘНШҮК МАҚСАТҚЫЗЫ, ФИЛЬМНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Бұл өте өзекті тақырып. Қазір Қазақстанда кезекте тұрған адамдардың саны өте көп, ал келісім беріп жатқандар аз. Сондықтан біз осы фильм арқылы 200 адам бүгін көрермен болғалы тұр, 200 адамның екеуіне ой тудырсақ, жеңіс болғалы тұр.
Күту парағындағы 4 739 науқастың 125-і – бүлдіршіндер. Дегенмен, салада ілгерілеу бар. Биыл елімізде алғаш рет балаға жүрек ауыстыру отасы сәтті жасалды. Бірақ басты түйткіл – қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қарсылық. Бүгінде электронды үкімет порталы арқылы 172 мыңнан астам азамат өз ұстанымын білдірген. Өкінішке қарай, олардың 156 мыңы донор болудан бас тартса, 16 мыңы ғана келісімін берген. Мәселенің өзектілігін отандық хирургтар да растайды.
ЮРИЙ ПЯ, КАРДИОХИРУРГ:
Ағзаларды қайтыс болғаннан кейін донорлыққа беру мәселесі аса өзекті болып тұр. 8 тамызда тура 14 жыл толады, осы уақытқа дейін біз жүректі ауыстырып қондыру бойынша 100-ден сәл ғана асатын ота жасадық. Бұл, бір жағынан, осының артында үлкен еңбек пен адамдар тұрса, екінші жағынан, бұл жалпы қажеттіліктің өте аз ғана бөлігі. Адамдардың сана-сезімі өзгеруі керек. Дәл осындай шаралар титтей де болсын, адымдап отырып, адамдардың көзқарасын оң жаққа қарай өзгертеді деп ойлаймын.