АҚШ пен Иран арасындағы текетірес жаңа деңгейге көтеріліп, әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Дональд Трамп жауының жер астындағы ядролық нысанына жойқын соққы жасауымыз мүмкін дейді. Ал Үндістан астанасында үкімет саясаты мен жұмыссыздыққа наразы жастар жаппай шеруге шығып, полициямен қақтығысты. Бұл арада Оңтүстік Еуропа елдері қалыпсыз аптап ыстық пен алапат орман өртімен арпалысып жатыр.
ТРАМП АШУҒА МІНДІ
АҚШ Президенті Дональд Трамп жақын арада Иранның «Пикакс Маунтин» деп аталатын жерасты ядролық нысанына жойқын соққы берілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Натанздағы уран байыту орталығының жанында орналасқан бұл нысан Иранның ең берік қорғалған кешендерінің бірі саналады.
Өз кезегінде Иранның Қарулы күштері кез келген шабуыл соғыстың алғышарты ретінде бағаланып, АҚШ пен оның аймақтағы одақтастарының барлық нысандары нысанаға айналатынын ескертті. Тараптар арасындағы текетірестің ушығуына байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы әдеттегідей алаңдаушылық білдірді.
СТЕФАН ДЮЖАРРИК, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бас хатшы бұл қақтығысты әскери жолмен шешу мүмкін емес екенін тағы да растайды және бейбіт әрі ұзақ мерзімді реттеуге бағытталған дипломатияға күш-жігерді жұмсауға шақырады.
БҰҰ азаматтық инфрақұрылымға, соның ішінде Ирандағы салынып жатқан атом электр станциясы мен су тұщыту қондырғыларына жасалған шабуылдарға ерекше алаңдаушылық білдірді. Қазірдің өзінде бұл дағдарыс Таяу Шығыстағы оннан астам мемлекетке кері әсерін тигізіп, сауда жүйелерін бұзды, сондай-ақ отын мен негізгі тауарлардың қымбаттауына алып келді.
ЖАСТАР ҮКІМЕТКЕ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ
Үндістан астанасы Нью-Делиде үкіметке қарсы наразылыққа шыққан студенттер мен полиция арасында қақтығыс болды. Өздерін «Тарақандар партиясы» деп атаған қозғалыс өкілдері «Үндістанды құтқарыңдар» және «Диктатураға жол жоқ» деген ұрандармен шеруге шықты.
Наразылыққа жастар арасындағы жұмыссыздықтың артуы, әлеуметтік теңсіздік және премьер-министр Нарендра Моди үкіметі тұсындағы сөз бостандығының шектелуі себеп болған.
АШУТОШ РАНКА, НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРУШІ:
Бұл тек бастамасы ғана екенін нақты айттық. Егер үкімет келісімге келмесе, Делиге тағы миллиондаған адам келеді. Бұл жолы біз шегінбейміз, үндемей қалмаймыз. Біз тым көп нәрсені көрдік, көп нәрсеге куә болдық, бастан өткердік. 20 шілдеде полицияның өзін қалай ұстағанын бәріміз көрдік. Сондықтан үкімет есін жиюы керек, әйтпесе бұл елдің жастары оларды биліктен тайдырады, әрі бұл өте қатыгез түрде жүзеге асады.
Бейбіт басталған марш парламент ғимаратына жақындағанда тәртіпсіздікке ұласты. Полиция шерушілерді тарату үшін су шашып, көзден жас ағызатын газ қолданды. Салдарынан ондаған белсенді тұтқындалып, бірнеше адам жарақат алды. Белсенділер бұл акцияны 2021 жылғы фермерлер ереуілінен кейінгі ең ірі толқу деп отыр.
ЕУРОПАНЫ ШАРПЫҒАН АЛАПАТ ӨРТ
Оңтүстік Еуропаны алапат орман өрттері жайлады. Климаттың өзгеруіне байланысты қалыпсыз аптап ыстық пен құрғақшылық салдарынан Испания, Франция және Италияда мыңдаған гектар жер күлге айналып, тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.
Испания биылғы жазда осымен үшінші рет төтенше аптап ыстықпен бетпе-бет келіп отыр. Ауа температурасы 40 градустан асып, өрт қаупі шегіне жетті. Елдегі «Селас» және «Ла Миерла» ірі орман өрттері салдарынан 31 мың гектардан астам аумақ жанып кетті. Отыздан аса елдімекен эвакуацияланды. Тілсіз жауды ауыздықтауға жергілікті өрт сөндірушілермен қатар Әскери төтенше жағдайлар бөлімшесі жұмылдырылды.
Францияның оңтүстігіндегі Вар департаментінде де жағдай күрделі. Мұнда 1700 гектар орман алқабы жанып, жалын Котиньяк және Корренс қалаларына қауіп төндіруде. Жергілікті билік бұл Прованс аймағындағы жаз басталғалы бері тіркелген ең ірі өрт екенін мәлімдеді. Тілсіз жаумен күресуге 800-ге жуық маман тартылып, жүздеген тұрғын уақытша баспаналарға көшірілді. Жолдар жабылды.
Ал Италияның Сицилия аралында орман өрті ауыл шаруашылығына орасан зор шығын әкелуде. Фермерлердің айтуынша, қатты желдің екпінінен жалын қорғаныс бөгеттерінен өтіп кетіп, зәйтүн тоғайларын толығымен жойған. Салдарынан биылғы өнім мен болашақ зәйтүн майы өндірісіне нұқсан келді. Арал бойынша 100-ден астам құтқару операциясы жүргізілді. Аптап ыстық пен қатты жел құтқарушылардың жұмысын қиындатып отыр.