Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

Құрылтай: бүгін сайлауалды үгіт-насихат басталады

Құрылтай сайлауына қатысатын партиялардың партиялық тізімдерін тіркеу аяқталды. Ал бүгін кешке сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталады. Саяси додаға қатысатын партиялар бүгін кешкі сағат алтыдан бір минут кеткеннен бастап білек сыбана іске кіріседі. Сөйтіп, 22 тамыз күні түнгі сағат он екіге дейін халыққа өз бағдарламаларын тынбай таныстырады. Сайлауалды үгіт бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар арқылы, жария іс-шаралар өткізу және үгіт-насихат материалдарын тарату жолымен жүзеге асады. Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтың айтуынша, мемлекет азаматтарға және қоғамдық бірлестіктерге белгілі бір кандидатты, саяси партияны қолдап немесе оған қарсы сайлау алдындағы үгітті кедергісіз жүргізуге кепілдік береді. Сондай-ақ ол масс-медиа өкілдеріне де бірқатар талаптар қойылатынын жеткізді.

ЕРЛАН ӨТЕГЕНОВ, БАС ПРОКУРОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын, олардың сайлау алдындағы іс-шараларының мақсаттарын, міндеттері мен нәтижелерін, сондай-ақ олармен байланысты оқиғалар мен фактілерді бұрмаламай, объективті түрде жариялауға міндетті. Сонымен қатар, БАҚ және онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретіні анық үгіт материалдарын және өзге де ақпаратты жариялаудан тартынуға міндетті.

Оның айтуынша, үгіт материалдарын жариялайтын БАҚ және онлайн-платформалар науқан басталғанға дейін кемінде 5 күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына орналастыру құны мен шарттары туралы мәліметтерді ұсынуы қажет. Талаптар сақталмаған жағдайда 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ үгіт материалдарында оны шығарған ұйым, тапсырыс берген адамдар және қандай қаражат есебінен төленгені туралы мәліметтер болуы тиіс.

← Барлық жаңалықтар