Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 6 қаралым

Жартасты мешіттер ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді

Маңғыстаудың жартасты мешіттері тек қазақстандықтарға ғана емес, енді әлем жұртшылығына кеңінен таныла түспек. Осы өңірдегі Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан Үпі сынды тарихи нысандар ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Мұндай шешім Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында қабылданды. Бұл Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға, еліміз үшін зор мақтаныш. Өйткені қазақ руханиятына тән осындай мирас ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын қосылған екен. Айта кетейік, 2024 жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киелі жердің асыл қазынасын әлемге таныту қажеттігін айтқан еді. Бүгінде сол бастама нақты жүзеге асып, ұлттық құндылығымызды халықаралық қауымдастық дәріптеп отыр.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Еліміз үшін үлкен оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда көтерген бастамасы орындалды, жүзеге асты. Тұңғыш рет 22 жылда Қазақстанның ұлттық номинациясы Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл біздің ұлттық мұрамыздың, ұлттық мәдени, тарихи мұрамыздың кеңірек насихатталуына жол ашады. Еліміздегі отандық туризмнің дамуына тағы бір серпіліс бере ме деген үміттеміз. Сондықтан барша қазақстандықтарды осы маңызды шешіммен құттықтаймын.

← Барлық жаңалықтар