Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 7 қаралым

«Болашақ ойындары 2026» турнирі басталады

Ертең Арқа төсі дүбірге бөленіп, бас қаламыз ғаламдық ауқымдағы спорт бәсекесінің орталығына айналмақ. Астанада алғаш рет «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі жалауын көтереді. Бұл дәстүрлі спорт түрлерін заманауи технологиялармен бір арнаға тоғыстыратын жаңа форматтағы халықаралық дода. Осы жолғы біріншілікке әлемнің 24 елінен 400-ге жуық спортшы қатысуға ниет білдіріпті. Басты ерекшелігі – жарыстың клубтық форматта өтуі. Яғни мұнда ұлттық құрамалар емес, халықаралық ұжымдар бақ сынайды. Демек, бір команданың құрамында әртүрлі мемлекеттердің спортшылары өнер көрсете алады. Ал фиджитал сайыстарда спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте сынға түсіп, кейін жарысты нақты спорт алаңында жалғастырады.

СЕРІК ЖАРАСБАЕВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Мәселен, фиджитал футболда командалар алдымен виртуалды футбол ойнап, одан кейін футбол алаңына шығады. Осындай тәсіл арқылы цифрлық және дәстүрлі спорт бір жарыс форматына біріктіріледі. Бүгінде фиджитал спорт әлемнің 115-тен астам елінде дамып келеді. Сондықтан Астанада осындай ауқымды турнирдің өтуі Қазақстанның халықаралық спорт кеңістігіндегі орнын нығайтып, еліміздің заманауи спорттық трендтерге ашық екенін көрсетеді.

Жаһан жұрты көз тіккен турнир ойынның 8 түрі бойынша өтеді. Оған еліміздің атынан 11 команда мен жекелеген спортшылар қатысады. Барлық жарыс төрт ірі спорт нысанында ұйымдастырылады. 9 тамызға дейін өтетін сайыстың жалпы жүлде қоры 4 миллион 650 мың доллар.

← Барлық жаңалықтар