Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 4 қаралым

Абай Құнанбайұлы Ақтөбеде тұрады

Абай Құнанбайұлы Ақтөбеде тұрады. Абай күні қарсаңында ұлы ақынмен аттас, әрі тегі де бірдей балаға мәдениет басқармасындағылар сый-сияпат жасады. Сондай-ақ ел тағы екі кішкентай Абайдың тұсаукесеріне куә болды. Өңірге сыйлы ғалым, ел ағалары атына заты сай, данышпан болсын деп батасын берді.

АБАТ ПАНГЕРЕЕВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

Адами капиталды 19-ғасырдың өзінде Абай бастап айтып кеткен. Абайдың өлеңдерін алып қарасаңыз да, қара сөздерін оқып қарасаңыз да — бәрі де сол адамды қалыпқа салу, жаман әдеттен тыйылу, жақсылыққа бастау, өркениетке үндеу болып келеді. Абайдың сөзінің өлмейтіндігі де — сол.

Облыс әкімі Асхат Шахаров ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Абай мұрасының рухани маңызына мән берді. Атаулы күнге орай Ақтөбеде үлкен әдеби алаң жасақтады. Ол жерде ақынның шығармашылығынан мол мағлұмат беретін ақпараттар жинақталған. Мысалы, келушілер QR-кодты сканерлеп, Абайдың туындыларымен онлайн танысуға мүмкіндік алды. Алаңның бір басында караокеде «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық айды» шырқап жатты. Жас суретшілер мен тоғызқұмалақ, асық ойнаған балалар, жыршылар мен термешілер де осы алаңнан табылды.

АЙАРУ ШЕКЕРБАЙ, ОҚУШЫ:

Маған көбінесе Абайдың білім туралы, табиғат туралы өлеңдері ұнайды.
Ғылым таппай мақтанба.
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба.
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.

← Барлық жаңалықтар