Көмбенің ауызы жақындаған сайын жанталас қыза түсті. Үміткерлер ел-елді аралап, жұрттың тұрмысымен танысып, қауымымен қауышып жатыр. Бірі шаруалардың жайын сөз етсе, екіншісі өндіріс орындарындағы жұрттың жанайқайын тыңдап, мәселесін шешуге мұрындық болу үшін барын салуда.
Қазақстан халық партиясы әр минутты қалт жіберіп жатқан жоқ. Алатаудың бөктерінде жас пен жасамыстың басын қосып, тұрғындарды белсенді өмір салтына тартып жатыр. Таза ауада флеш-моб билеп, денсаулық баспалдағымен тауға көтеріліп бой сергітті. Мұндағы мақсат — басты байлық денсаулықты нығайтуға көңіл бөлу, дейді ұйымдастырушылар. Сондай-ақ партия өкілдері мұндай кездесулер тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға және қоғамдағы әр буынның пікірін тыңдауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Көңілді кездесу көпшілікке ұнаған секілді.
ЭЛЬМИРА ӘУЕЗОВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ БЕЛСЕНДІ МҮШЕСІ:
Қазақстан халық партиясы өздеріңіз білесіздер денсаулыққа өте-өте көп көңіл бөледі. Оның ішінде денсаулықты нығайту үшін осы таза ауа, табиғатымыз халыққа тиесілі екенін біле отырып, осы жерге келіп демалып, денсаулығымызды жақсартуға уақыт бөлгенімізге өте қуаныштымыз.
Осы аптада ауылдықтар шаруалардың шекесін шылқытамыз деп бәйек болды. Партия өкілдері Алматыда отандық агроөнеркәсіптің әлеуетін арттыру мәселесін қаузады. Саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін заманауи технологияларды енгізіп, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыру жайы айтылды. Елу адамның басы біріккен жиында саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың ұсыныстары тыңдалды. Жай ғана айтылып қалмай, шешу жолдары да талқыға түсті. Ал партия өкілдері ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жыл сайын қаражат та ғылымға көбейіп жатыр. Мәселе ауыл шаруашылығында көп. Ғалымдар осы жер мәселесін көтерді, су мәселесін көтерді, көп мәселені көтеріп жатыр. Қазір шешілмей жатқан оңай жолы бар. Көп сұрақ қойды, кооперативтер қалай құрылады. Оның бәрін талқылап, сондай ұсыныстар беріп жатыр.
Ал республикалықтар ат терлетіп, маңғаз Маңғыстауға барды. Құрылтайдан үміткерлер еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар өндіріс орындарының әлеуетін арттыруға ден қойған. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары егжей-тегжейлі түсіндіріліп, жиылғандардың пікірін тыңдады. Еңбеккерлер бас қайғы болған баспана мәселесі мен жұмыспен қамтуға қатысты көкейтесті сұрақтарын төтесінен қойды. Сондай-ақ кандидаттар аймақта электр энергиясын таратумен айналысатын кәсіпорынға арнайы барды. Ол жерде де жұмысшылардың көтерген сауалдарына жауап берді.
МЕЙРАМГҮЛ МӘДӘЛІ, RESPUBLICA ПАРТИЯСЫНАН ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:
Қазір он екінші өңірге келіп жатырмыз. Халықпен кездесіп жатырмыз. Ең бастысы, бізбен кездесуге келген азамат өз еркімен, өзінің ынтасымен келіп отыр. Бұл біз үшін аса маңызды. Келген кезде бізді ғана тыңдап қана тұрған жоқ. Халықтың ішінен ой айтамын азаматтар ойын айтып жатыр. Ұсыныстарын беріп жатыр.
Бақ шаба ма, бап шаба ма? Ол 2026 жылғы 23 тамыз күні белгілі болмақ.