Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

Артистердің қуанышында шек жоқ

Артистердің қуанышында шек жоқ. 85 жылдық тарихы бар Павлодар облыстық филармониясының музыкалық аспаптары толық жаңартылды. Су жаңа тауар өнер иелерінің қолына тиді. Олардың ішінде сирек аспаптар да бар. Мәселен, неміс фаготы музыканттардың ең қымбат олжасы. Құны бір пәтермен пара-пар. Алмас Нұғыманов осы уақытқа дейін тозығы жеткен жеке аспабында ойнап келген еді.

АЛМАС НҰҒМАНОВ, СИМФОНИЯЛЫҚ ОРКЕСТРДІҢ МУЗЫКАНТЫ:

Бұл аспапты 13 жыл бойы сұрап келдім. Ақыры қол жеткіздік. Фагот әлемдегі ең қымбаты болмаса да, мен үшін өте бағалы. Өз аспабымды 10 жыл бұрын сатып алғанмын. Әбден ескірді. Енді міне филармония менің төбемді көкке жеткізді. Пәтер немесе көлік сатып алғанда да дәл былай қуанбаған шығармын.

АМАНГЕЛДІ ҚОЖАНОВ, ИСА БАЙЗАҚОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

55 аспаптың 14-і бұрын бізде ешқашан болмаған аспаптар. Олар: виброфон, фагот, контрабас, сыбызғы, сазсырнай, керней. Мықты өндірушілердің сапалы, брендті аспаптарын таңдауға тырыстық. Сол себепті филармонияның 85-ші мерейтойлық маусымын репертуарымыздағы жаңа туындылармен бастаймыз деп ойлаймын.

Енді халық аспаптар оркестрінің қолынан алғаш рет керней, сазсырнай мен шаңқобыздан әуен төгіледі. Ұлттық нақыштағы құралдардың бірсыпырасын Ақмола облысының шебері жасаса, домбыра Ертіс-Баян өңірінің тумасы Қамар Қасымовтың қолынан шыққан. Айта кетейін, аспаптар, костюмдер мен дыбыс аппаратурасын жаңартуға 235 миллион теңге бөлініпті.

Бердібек Қарынбай

← Барлық жаңалықтар